Қазақстанда дефолт болмайды. Үкімет үйінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров валюта нарығындағы тұрақсыздыққа қарамастан, елдің қаржылық жағдайы тұрақты екенін айтты.
«Қазақстанда Үкімет тарапанынан да, квазимемлекеттік сектор мен банк секторларында да ешқандай дефолт күтілмейді. Өйткені жалпы, елдің қаржылық жағдайы тұрақты. Мемлекеттің резерві бар, сондықтан дефолт болады деп айта алмаймыз», – деді министр.
ҰЭМ басшысы сонымен бірге елдің азық-түлікке жатпайтын тауарларға импорттық тәуелді екеніне баса назар аударды. Бұл тауарлардың бағасы валюта бағамының құбылуына байланысты өзгеретінін айтты.
Сонымен бірге Байбазаров доллардың қымбаттауы тұсында жаппай доллар сатып алып, дүрлікпеуге шақырды.
«Валюта сатып алу әр азаматтың өз таңдауы. Десе де, бұл жағдайда ажиотажға берілмеу керек. Біз мұндай дүрлігу кезеңін 2022 жылы бастан өткерген едік. Ол кезде азаматтар долларды қайталама нарықтан 600 теңгеден сатып алған болатын. Нәтижесінде бұл оның қаржылық балансына теріс әсер еткен еді», – деп ескертті министр.
Айта кетейік, бұл жиында ҰЭМ басшысы валюта нарығындағы тұрақсыздық жағдайында халықтың әл-ауқатының нашарлауына жол берілмейтінін айтты.