Қазақстанда трансплантацияланатын ағзаны ұзақ сақтайтын құрылғы әзірленіп жатыр
Қазақстанда трансплантацияланатын ағзаны ұзақ сақтайтын құрылғы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстанда ағзаны адам денесінен бөлек сақтап, кейіннен трансплантациялауға арналған инновациялық құрылғы әзірленіп жатыр», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл құрылғыны University Medical Center-дегі қазақстандық кардиохирургтер командасы әзірлеген. Мұндай құрылғы трансплантация нәтижелерін айтарлықтай жақсартуға жол ашады. Жоба негізінде ғалымдар адам ағзасынан соғып тұрған жүректі, сондай-ақ «тыныс алып тұрған» өкпені және жұмыс істеп тұрған бауырды сақтауға бағытталған жаңа технологияларды әзірлеген. Болашақта бүйректі де осы технология көмегімен сақтау тәсілдері жетілдірілмекші. Бұл технология көмегімен адам ағзасынан алынған материалды өміршең күйде кем дегенде 24 сағат сақтауға мүмкіндік туады.
«University Medical Center» корпоративтік қорының «Кардиохирургия» клиникалық академиялық департаментінің директоры Тимур Лесбековтің айтуынша, әлемде мұндай құрылғының баламасы бар. Қазіргі таңда әлемде трансплантация жасау үшін америкалық TransMedics компаниясының OCS жүйесі қолданылады. Ал қазақстандық құрылғының бұл жүйеден біршама артықшылығы болады.
«Біздің команда жүректі 29 сағат сақтай отырып, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеуге болатынын дәлелдеді. Сәтті трансплантация жасалды. Қазіргі уақытта әлемде бір ғана балама бар. Бұл америкалық TransMedics компаниясының OCS жүйесі. Біздің құрылғының америкалық құрылғыдан айырмашылығы – органның ұзақ уақыт бойы өміршеңдігін сақтауға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге оқшауланған күйде ағзаға ем жүргізу мүмкіндігін ашады. Біз ағзаны адам денесінен бөлектеп алып ультрадыбыстық, тамырішілік артериялық зерттеулер жүргізу арқылы емдеп, бағалай аламыз»,- дейді Лесбеков.