Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров валюта нарығындағы тұрақсыздыққа қатысты елдегі тұрақтылықты сақтау үшін қандай шаралар атқарылатынын айтты. Бұл туралы министр Үкімет үйінде өткен валюта нарығындағы жағдайға қатысты брифингте мәлімдеді.
«Соңғы бірнеше аптада валюта нарығында белгілі бір құбылулар байқалуда. Бұл валюта бағамының әліреуінен көрініс тапты. Өткен аптада АҚШ долларының бағамы 500 теңгеден асты. Осыған байланысты бизнеспен айналысатына азаматтарымыздың алаңдаушылығын түсіне отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша келісілген шаралар қабылдауда», – деді министр.
Сонымен бірге Байбазаров Ұлттық валютаның айырбас бағамы іргелі сыртқы факторлардың әсеріне байланысты құбылатынын айтып, оған әсер еткен негізгі үш факторды атады.
- Біріншісі, соңғы айлардағы доллар индексінің жаһандық нығаюы;
- Екіншісі, әлемдік мұнай бағасының төмендеуі;
- Үшіншісі, Ресей рублінің әлсіреуі.
«Ресей біздің негізгі сауда серіктесіміз екенін ескерсек, рубль бағамының құбылуы теңге бағамына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтарымыздың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайының нашарлауына жол бермеу, кәсіпкерлерге теріс әсерін азайту – Үкіметтің басты міндеті. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру әрі барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданады. Ол үшін үкіметте ресурстар мен құралдар жеткілікті», – деді Байбазаров.
Айта кетейік, доллар бағамы 500 теңгеден асқан тұста Ұлттық банк теңгені қолдау үшін валюталық интервенция жүргізе бастады. ҰБ басшысы Тимур Сүлейменов қаржылық тұрақсыздық пайда болып, айырбастау бағамы шамадан тыс құбылған жағдайда валюталық интервенцияны жалғастыратынын мәлімдеді.
Жалпы қараша айында Ұлттық қордан 1,26 млрд доллар, қазан айында 1,34 млн доллар сатылған. Алайда екі ай қатарынан жүргізілген бұл шаралар теңгенің құнсыздануына тосқауыл бола алмады.
Ал 15 қарашада Ұлттық банк төрағасы теңгенің одан әрі құнсыздануына еш себеп жоқ деп сендірген болатын.