«Дружба» құбырындағы апат Қазақстанның Германияға мұнай тасымалы жоспарын бұзған жоқ. Төгілген қазақ мұнайы емес. Өйткені апат болған уақытқа дейін бір айлық жоспар бойынша қазақстандық мұнай жеткізіліп үлгерген. Ал келесі тасымал кезеңі желтоқсанның 20-сына белгіленіп отыр.
Энергетика министрлігінің жауабынан осыны аңғаруға болады.
«2024 жылдың қараша айының қорытындысы бойынша осы бағытта қазақстандық мұнайды жеткізу кестеге сәйкес толық орындалды. Желтоқсан айына жоспарланған мұнай жеткізу 2024 жылғы 20-30 желтоқсан аралығында жүзеге асады деп күтілуде», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кететін жайт, 2024 жылғы 1 желтоқсанда Пневы қаласы маңында «Дружба» жүйесінің батыс бөлігінде, Шведт мұнай өңдеу зауытына жеткізілетін мұнай төгілгені анықталды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, зақымдалған желі бойынша мұнай тасымалдау тоқтатылды. Мұнай жеткізу екінші желі арқылы жалғасты.
«Екінші желінің техникалық мүмкіндіктері мұнай айдауды толық көлемде қамтамасыз етеді», – дейді министрлік.
Сарапшылардың пікірінше, бұл апат қазақстандық мұнайды Германияға жеткізуге елеулі кедергі жасай алмайды. Өйткені осы құбыр арқылы жеткізілетін қазақстандық мұнай көлемі аса көп емес. Небәрі, 100 мың тоннаның шамасында.
Польша билігі құбыр апаты диверсиялық әрекет екенін жоққа шығармады. Қазір апаттың себеп-салдарлары анықталып жатыр. Былтыр қазан айында украиналық бұқаралық ақпарат құралдары «санкцияларды айналып өтіп, «қазақстандық мұнай» дегенді желеулетіп, Ресейден мұнай алып жатқаны» үшін Германияны айыптаған болатын.
Десе де, Еуроодақ Ресей мұнайынан түбегейлі бас тартқан жоқ. 2027 жылдан кейін ғана «бас тартамыз» деп жоспарлап отыр. Бірақ Орталық және Шығыс Еуропа елдері болса, басқа мұнай көздерін іздеуге мүлде асығар емес.
Мұның алдында Германияға қазақстандық мұнай жеткізілетін «Дружба» құбырының Польшада зақымдалғаны туралы жазған болатынбыз.