«Дружба» құбырына – Қазақстанның мұнай тасымалына диверсия жасалды ма?

Жарияланды
Қазақстан 2023 жылдың ақпан айынан бастап осы құбыр арқылы мұнай тасымалдай бастады/фото: reuters

Германияға қазақстандық мұнай жеткізілетін «Дружба» құбыры Польша жерінен өтетін тұсында зақымдалды. Бұл диверсия болуы әбден мүмкін. Бұл туралы осы құбырға қызмет көрсететін PERN компаниясы мәлімдеді.

РИА Новости мәліметінше, оператор бұл апаттың Германияға мұнай тасымалына ықпал етпейтінін айтқан. Қазір мамандар төтенше жағдайдың себебін анықтап, салдарын жойып жатыр. Компания сарапшылардың қорытындысын күтіп отыр. Апаттың барлық нұсқасы қаралып жатыр. Соның ішінде, қасақана жасалған әрекет те бар.

Қазақстан 2023 жылдың ақпан айынан бастап осы құбыр арқылы мұнай тасымалдай бастады. Reuters мәліметінше, Қазақстан осы құбыр арқылы Германияға тәулігіне 145 мың тонна мұнай тасымалдайды. «ҚазТрансОйл» тасымал көлемін азайтып, 133 000 тоннаға дейін қысқартуды жоспарлаған. 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында Германияға 1,081 млн тонна шикізат жеткізген.

Қарашығанақ пен «Қашаған» кен орындары да осы құбырды пайдаланады.

2024 жылы Қазақстанның Германияға мұнай жеткізу көлемі 1,2 млн тоннаға жетеді деп жоспарланған болатын. Бұл көрсеткіш 2025 жылы да сақталады деп күтіліп отыр.

Апатқа байланысты Қазақстанның мұнай тасымалына қанша зиян келгені туралы сауалымызға, Энергетика министрлігі кейінірек, мәліметтер нақтыланған соң, жауап беретінін мәлімдеді.

Алайда қазақстандық сарапшылар бұл апаттың мұнай тасымалына айтарлықтай қауіп төндірмейтінін айтады.

«Ай сайын бұл бағытпен тек 100 мың тоннадай мұнай жіберіп жатырмыз. Ал басқа бағыттармен ай сайын тасымалданатын мұнай 5 млн тоннадан асады. Бұл көлемді «Транснефть» 1-ақ аптада  тасымалдайды», – дейді Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов.

Апатқа тоқталсақ, 1 желтоқсан күні кешке Велькопольские воеводствода «Дружба» құбырынан мұнайдың төгілгені белгілі болды. Жанармай бекеті мен оның жанындағы қонақүйдің маңында газдың күлімсіген исі тарап, жұртты қатты алаңдатыпты. Десе де, жарылыс немесе өрт болмаған. Апат маңындағы тас жолды жабуға тура келген. Компания дереу сорғыш подстансаны өшірген.

Іnterfax.ru мәліметінше, Польша апаттан кейін де құбырдың екі тармағының бірі арқылы Германияға мұнай жеткізіп жатыр.

«Бұзылған желі арқылы мұнай тасымалдау дереу тоқтатылды. Мұнай жеткізу екінші желі арқылы жалғастырылып жатыр. Тапсырыс берушінің көлемді сұранысы толық қамтамасыз етіледі», – деп мәлімдеді Pern.

Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдейтін зауыттың қуаты – жылына 11, 6 млн тонна. 2023 жылдың қыркүйек айында дейін Германияның мұнай өңдеу саласында «Роснефть» үшінші ірі ойыншы болып келді. Зауыттардағы үлестері де қомақты еді. Шведте – 54,17%, MiRO – 24%, Bayernoil – 28,57% акцияны иеленді. Ресей Украинаға басып кірген соң, ресейлік компанияларға ғана емес, Ресейден мұнай импортына да санкция салынды. Германия үкіметі «Роснефть» үлесін саудаға салып отыр.

2023 жылы тамыз айының басында PERN Польшаның Ходеч қаласы төңірегіндегі «Дружба» мұнай құбырына зақымданған болатын. 2022 жылы 12 қазанда да апат болды. Ол кезде Польшаның премьер-министрі Матеуш Моравецкий апаттың артында Ресей тұруы мүмкін екенін айтқан-ды. Бірақ артынша нақты себебі айқын емес екенін мәлімдеген. Ресейлік вице-премьер Александр Новак болса, оны «техникалық ақауға» жатқызған.

Сондай-ақ оқыңыз