Бішкекте «Яндекс.Такси» қызметі кеңсесінің маңында 50 шақты жүргізуші жиналып, тапқан табысынан компания алатын комиссияның тым көптігіне наразылық білдірді. Бұл туралы Vesti.kg хабарлады.
Такси жүргізушілерінің сөзіне қарағанда, Қырғызстанда компания 21% комиссия ұстайды. Бұл Қазақстандағы алымнан үш есе көп көрінеді. Сонымен қатар, айтуларынша, компания клиенттік жеңілдіктерді де өтемейді. Бұл шығындар да жүргізушілердің қалтасына түседі.
«Таксист 120 мың сом табады дейік. Оның 26 мың сомын «Яндекске» береді, тағы да 4 мың сомы таксопаркке кетеді. Яғни,30 мың сомды компания өзіне алады», – дейді Анжела Қасымова.
Шерушілер комиссияны әр тапсырысқа 7%-ға дейін түсіруді сұрайды. Олар осы талабын Қырғызстан билігіне жолдамақ.
Айта кететін жайт, 30 қарашада Қырғызстанның Ұлттық Қауіпсіздік Мемлекеттік комитеті «Яндекс.Такси Корп» кеңсесін тінтіген болатын. Бұл орган «аталмыш компания аса ірі көлемде салық төлеуден жалтарды» деп күдік келтіріп отыр.
Арнайы қызмет өкілдерінің пікірінше, монополияға қарсы қызмет шараларына қарамастан, компания өзінің серіктестерімен бірігіп, такси жүргізушілеріне «пайыздық мөлшерлемені негізсіз» көтерген. Соның кесірінен такси қызметінің бағасы өскен.