Жаңалықтар

Алматыда доллар 530 теңгеден сатылып жатыр. Теңгенің болашағына қатысты қандай болжам бар?

Ұлттық банк болса, доллар бағамын 511,22 теңге деп бекітіп отыр/фото: shutterstock

2024 жылдың 2 желтоқсанында Алматы қаласының валюта айырбастау пункттерінде доллар 530 теңгеден сатыла бастады. Бұл – жаңа рекорд. Ұлттық банк болса, доллар бағамын 511,22 теңге деп бекітіп отыр. Теңгенің әлсіреуіне қандай факторлар әсер етіп отыр? Бағам қай межеге барып тұрақтануы мүмкін? Бұл жөнінде сарапшылар болжам жасап көрді.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, бағамның өсуінің себептері өте көп. Басты себептері – сыртқы факторлар.

«Бюджетімізді қалыптастырып отырған – мұнайдан түсетін табыс азайды. Біздің экономика әлі де мұнай экспортына тәуелді. Кірістің азаюы теңгенің әлсіреуіне себеп болып жатыр. Жалпы доллар нығайды. Бұл – АҚШ-тың  Федералды резервтік жүйесінің ақша-несие саясаты нәтижесі. Қатаң экономикалық шаралар арқылы әлемдік нарықта доллардың күш алуына мүмкіндік берді. Бұл дамушы елдердің экономикасына және теңгеге қысым көрсетіп отыр», – дейді экономист.

Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, рубльдің әлсіреуі де жанама әсер етіп отыр. Өйткені Ресеймен сауда-қатынас өте тығыз.

«Ішкі факторға келсек, инфляция деңгейі, бюджет тапшылығы, сыртқы қарыздар да теңге  бағамына ықпал етіп отыр. Болашақта 550-ге дейін жетуі мүмкін. Бәрі Ұлттық банк пен Үкіметтің валюталық интервенция жасау, экономикалық саясат, бағамды тұрақтандыру шараларына байланысты. Қатаң шаралар арқылы бағаны тұрақтандыруға болады», – дейді экономист.  

Оның айтуынша, теңгені тек экономикадағы қайта өңдеу өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы ғана тұрақтандыруға болады.

Экономист Айдар Әлібаевтың пікірінше, қазір теңгеге қысым жасап, құлдырауына басты себеп болып отырған – ресейлік рубль.

«Теңге рубльге мың жерден таңылып байланған. Ресейлік рубльдің ахуалын болжап білу қиын. Теңгенің құлдырауына ешқандай кедергі жоқ. Теңге бағамын ұстап қалатын бірде-бір факторды айта алмаймын. Қайда барып тұрақтанарын білмеймін. Өйткені түбі жоқ. 30 жыл бойғы тиімсіз басқару, жемқорлық, триллиондаған қаржы жұмсалған алпауыт жобалар, мұның бәрі ізсіз қалмайды», – дейді экономист.

Айдар Әлібаевтың пайымдауынша, қазір баға күрт өспеуі мүмкін. Өйткені сатушылардың қоймаларында бұрын сатып алған тауарлар бар. Келесі жолы тауар сатып алғанда, теңгенің девальвациясын міндетті түрде ескеретін болады. Жаңа жылға қарай, баға шарықтайды.

«Біз азық-түліктің 70%-ын шетелден сатып алуға мәжбүрміз. Басқа да барлық тауар шетелден келеді. Шетелде өзінің дербес инфляцияcы бар. Біз оны да төлеп жатырмыз», – дейді экономист.  

Айдар Әлібаевтың ойынша, ТМД елдеріндегі ең сенімсіз валюта қазақстандық теңге болып отыр.

«Мұнайы, металы, ештеңесі жоқ Қырғызстанда сом бұлай құлаған жоқ. Үшінші жыл соғысты бастап өткеріп жатқан Украинада біздегідей инфляция жоқ. 31 жыл ішінде теңге 100 есеге дейін құнсызданды. Демек теңгенің одан әрі құлдырауына не кедергі болмақ?» – дейді экономист.