Ресейде әлемдегі ең ірі есірткі саудасына арналған Гидра платформасының негізін қалаған Станислав Моисеев сотталды. Сот қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айырды және 4 миллион рубль айыппұл төлеуге үкім шығарды.
«Мәскеу облысында алқабилердің үкімі негізінде қылмыстық қоғамдастықтың ұйымдастырушысы мен оның 15 сыбайласы бір тоннаға жуық есірткіні өндіріп, сатқаны үшін сотталды», – деп хабарлады облыстық прокуратура.
Сонымен бірге Моисеевтен бөлек, Александр Чирков, Андрей Трунов, Евгений Андреев, Иван Корякин, Вадим Краснинский, Георгий Георгобиани, Артур Колесников, Николай Билык, Александр Храмов, Кирилл Гусев, Антон Гайкин, Алексей Гукалин, Михаил Домбровский, Александр Чеминов 8 жылдан бастап 23 жылға дейінгі аралықта қатаң режимдегі колонияларда жазасын өтейді.
Топ мүшелері 16 миллион рубль айыппұл төлейді. Олардың жылжымайтын мүліктері, автокөліктері мен жер телімдері тәркіленді. Олар қылмыстық қауымды ұйымдастыру және оған қатысу (ҚК 210-бабының 1 және 2-бөлігі), адамдар тобының аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз өндіру және өткізу (ҚР ҚК 228.1-бабының 5-бөлігі және ҚК 228.1-бабының 4-бөлігінің «а, г» тармақтары), осы қылмыстарға оқталу бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Есірткі саудагерлері Ресей мен Беларусь елдерінде наша таратқан. Гидрамен байланысты жасырын орындар мен зертханаларды тінту кезінде бір тоннаға жуық есірткі тәркіленді.
Гидра нарығы 2015 жылы пайда болды. Оның алдында іске қосылған RAMP-тың тас-талқанын шығуына себеп болды деген дерек те айтылады. Бәсекелесі жойылғаннан кейін, 2017 жылдан халықаралық деңгейде қара нарықты жаулады.
Екі нысан да қауіпсіздік күштерінің қызметімен байланысты болды. Ресейде биткоинмен есеп айырысқан Гидраның қызметі ұзақ уақыт бойы тексерілмеді, бірақ 2022 жылы Германия полициясы сайттың серверлерін басып алып, америкалық билікпен бірге маркетплейсті жауып тастады.
Еуропаның арнайы қауіпсіздік құрылымдары құны 17 миллион доллардан астам криптовалюталарды тәркіледі. Ресей мен Беларусь қауіпсіздік күштері бұл әрекетке қатыспады және іске кейінірек қосылды.
2015 жылдан 2018 жылға дейін «қылмыстық топ Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының әртүрлі аймақтарында әрекет етті». Есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымымен айналысқан. Қауымдастық мүшелері бір-бірімен интернет арқылы байланысқан.