2 желтоқсанда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры болып Вэнь Цзяцзюнь тағайындалды. Бұл тағайындау акционерлер келісіміне сай ротациялау талабы бойынша орындалған.
Вэн Цзяцзюнь 1978 жылы 19 қыркүйекте Қытайда дүние есігін ашқан. И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде білім алған.
«Еңбек жолын 2005 жылы «CNDOC» компаниясының өндірістік-техникалық бөлім инженері болып бастаған. 2005-2024 жылдар аралығында «СНПС-Ай Дан Мұнай» АҚ-да еңбек етіп, жетекші супервайзерден компания президентіне дейін көтерілді. 2024 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін ММГ бас директорының бірінші орынбасары болды», – деп хабарлады ҚМГ баспасөз қызметі.
Директорлар кеңесі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары лауазымына Болат Сейтмағанбетовтың кандидатурасын мақұлдаған. Маңғыстау ауданының тумасы Болат Сейтмағанбетов Қазақ политехникалық институтын тәмамдаған. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында тәжірибе жинаған. 2022 жыдан бастап «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының бастығы қызметін атқарды.
ММГ сайтындағы дерек бойынша компания облыстағы мұнай көлемінің 31-дан астамын өндіреді. Оның табыс көзі – Қаламқас пен Жетібай кен орындары. Қытайлық CNPC пен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына тиесілі «Маңғыстаумұнайгаз» биыл өз акционеріне жалпы 34,6 млрд теңге дивиденд төлеген.