Қор нарығына шолу: АҚШ-тағы ралли жалғасып жатыр, 2025 жылға арналған болжамдар, дивиденд әкелетін ТОП-акциялар
BofA келесі жылы S&P 500 индексі 10,5%-ға өседі деп болжам жасады. Сарапшылар АҚШ-тағы ең танымал 10 дивидендтік акцияны атады. Stellantis АҚШ-та аккумуляторлар шығаратын зауыттар салуға $7 млрд алады. Осы және өзге де тақырыптар туралы 2 желтоқсанға арналған әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
S&P 500 және Nasdaq индекстері технологиялық өсім аясында өсті
S&P 500 және Nasdaq индексі 2 желтоқсан күні өсті деп хабарлады Reuters. Нарықтарды жоғары көтеріп отырған – технологиялық акциялар. S&P индексінің 11 негізгі секторынан сегізі төмендеді, бірақ ақпараттық технологиялар секторының шамамен 1%-ға өсуі S&P индексінің оң өсімін сақтауға мүмкіндік берді. Сауда күнінің қорытындысы бойынша S&P 500 0,24%-ға, Nasdaq 0,97%-ға өсті, Dow 0,29%-ға төмендеді.
ФРЖ инфляцияны 2%-ға түсіру мақсатына жетпегенімен, жұмыссыздық тарихи төмен деңгейде қалып отыр. Freedom Capital Markets компаниясының басты стратегі Джей Вудс егер инфляция деңгейі қазіргі күйде сақталса, ФРЖ желтоқсан айының соңында пайыздық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендетуі мүмкін екенін айтады. Бұл акцияларға оң әсер етеді.
Intel компаниясының акциялары апта басталған күні Пэт Гелсингердің бас директор қызметінен кететіні туралы хабардан кейін 6%-ға өскен болатын, бірақ сауда күнінің соңында 0,56%-ға төмендеді. Ал Super Micro Computer компаниясының акциялары кеңес беру комитетін құру туралы жаңалықтан кейін 29%-ға өсті.
3 желтоқсан мен 4 желтоқсанда АҚШ еңбек нарығы туралы деректер жарияланады: бос жұмыс орындары мен жеке сектордағы жұмыс істейтіндер саны. Аптаның басты оқиғасы – жұма, 6 желтоқсан күні қараша айындағы ауыл шаруашылығына жатпайтын сектордағы жұмыс орындары туралы есептің жариялануы болмақ. Бұл жұмыс нарығының жағдайын бағалайтын негізгі көрсеткіш.
BofA болжамжары
Bank of America стратегтері Савита Субраманьянның жетекшілігімен, 2 желтоқсан күні өз клиенттеріне жазған есебінде 2025 жылдың соңына дейін S&P 500 индексінің 6 666 тармаққа жетуін болжады, бұл қазіргі деңгейден 10,5%-ға жоғары. Yahoo Finance деректері бойынша, бұл болжам Уолл-стрит сарапшылары арасында үшінші орын алады.
«Біз жеке компаниялардың акцияларынан үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз. Әсіресе АҚШ экономикасымен байланысты және тұрақты пайда алу әлеуті бар компанияларды байқадық», – деп жазды Субраманьян.
Субраманьян командасы S&P 500 индексіндегі «Таңдаулы жетілік» технологиялық компанияларының акцияларынан қалған 493 эмитенттің өсуін күтіп отыр. Бірақ олар 2025 жылы «Таңдаулы жетіліктің» табысының өсуі бәсеңдеуі мүмкін екенін ескертеді. Ал орташа компаниялардың көрсеткіштері артуы ықтимал.
BofA жалпы экономиканың ЖІӨ өсімін 2,4%-ға дейін болжап отыр, бұл Уолл-стриттің консенсус болжамынан (2%) жоғары.
Сарапшылар 2025 жылғы ең танымал дивидендтік акцияларды атады
Market Watch S&P Composite 1 500 индексіне кіретін және дивидендтік кірістілігі 4%-дан жоғары акцияларды атады. Бұл индекс S&P 500, S&P MidCap 400 және S&P Small Cap 600 индекстерінен тұрады.
1 500 акцияның 146-сы 4%-дан жоғары дивиденд төлейді. Сарапшылардың пікірінше, ең тиімді 24 компания бар. Бірақ дивидендтерді азайтқан компанияларды тізімнен алып тастаса, 2025 жылға арналған ең әлеуетті 10 акция ғана қалады. Олар – AES, HA Sustainable Infrastructure Capital, HASI, Hasbro, Upbound Group, Clearway Energy, Sonoco Products, PotlatchDeltic, CVS Health, Starwood Property Trust, Vici Properties. Ең жоғары дивидендтік кірістілік 5,29%-ды құрайды.
Stellantis АҚШ-та аккумуляторлар шығаратын зауыттар үшін $7 млрд алады
NYT хабарлауынша, дүйсенбі, 2 желтоқсанда Джо Байден әкімшілігі Stellantis компаниясына Индиана штатында аккумуляторлар шығаратын зауыттар салу үшін 7 млрд доллар бөлетінін мәлімдеді. Бұл қадам Дональд Трамптың Байденнің электрмобильдер саласын дамытуға бағытталған саясатын қайта қарауға уәде бергенімен байланысты.
Индианадағы зауыттар «Солтүстік Америкадағы электрмобильдер өндірісін айтарлықтай арттырып, АҚШ-тың Қытай сияқты елдерге тәуелділігін азайтады» деп мәлімдеді АҚШ энергетика министрлігіне қарасты кредиттік бағдарламалар басқармасы.
Федералды кредит Stellantis компаниясына электрмобильдер нарығында бәсекелестікке төтеп беру үшін көмек көрсетеді. Компания 3-тоқсанда сатылымдарының 27%-ға төмендеуі мен АҚШ нарығындағы үлесінің жоғалуына байланысты қаржылық қиындықтарға тап болды. Миландағы саудада Stellantis акциялары 6,3%-ға төмендеп, 11,4 еуроға жетті. Бұл – компания акцияларының 2022 жылдың шілдесінен бергі ең төменгі деңгейі. Нью-Йоркте оның депозитарлық қолхаттары 6,4%-ға түсті, ал бас директор Карлос Таварестің отставкасы туралы жаңалықтан кейін акциялар тағы да құлдырады.
Өткен аптада АҚШ энергетика министрлігі Rivian компаниясының электрмобильдер зауытын Джорджия штатында салу үшін $6 млрд бөлетінін хабарлады. Сонымен қатар электрмобильдер сатылымы бірқатар өндірушіде баяулап, олар электрлі көліктерден бас тартып, гибридті модельдерге көшіп жатыр.