Lifestyle

Қырғызстан әнұранының қашан өзгеретіні белгілі болды

Қырғызстан әнұранының қашан өзгеретіні белгілі болды
Қырғызстан әнұранының қашан өзгеретіні белгілі болды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қырғызстан жоғарғы кеңесінің төрағасы Нұрланбек Шәкиев елдің мемлекеттік гимнін өзгерту бойынша кеңес өткізді. Кеңес отырысында әнұранның 2025 жылдың сәуіріне дейін өзгеретіні белгілі болды.

Жоғарғы кеңес баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Шәкиев мемлекеттік әнұранды өзгерту ісіне көпшіліктің қатысуы керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, жаңа әнұранды жазуға ақындар мен композиторлардан бөлек, қарапайым халықта қатысуы қажет. Яғни кез келген адам елдің әнұраны бола алатын өз әнін ұсына алады.

Алдағы аптада арнайы комиссия құрылып, нұсқаларды таңдау басталады. Әнұран 2025 жылдың сәуіріне дейін қабылдануы қажет.

Қазіргі әнұранның мәтіні мен әуеніне депутаттардың көңілі толмаған. Олар бұл гимннің Кеңес Одағынан қалғанын, тәуелсіз Қырғызстанға жаңа әнұран керек екенін атап өтті.

Бұған қоса, Қырғызстан президенті жанындағы мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Меліс Мұратәлиевке жаңа әнұранның мәтініне ерекше назар аудару тапсырылды.

Айта кетейік, әнұранды өзгерті туралы бастаманы Нұрланбек Шәкиев көтерген. Оның бұл пікірін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та қолдаған еді.

Қазақстанда әнұран 2006 жылы өзгерген еді. Сол кездегі ел президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Кеңес одағы кезінде Шәмші Қалдаяқов әнін, Жұмекен Нәжімеденов сөзін жазған «Менің Қазақстан» әні мемлекеттік гимнге айналған. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әннің мәтінін өзгертіп, автор ретінде қосылған.