Lifestyle

Жеке тұлғаларға шетелден көлік әкелу қиындай ма?

Шетелден көлік әкелу қиындай ма?
Шетелден көлік әкелу қиындай ма? / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шетелден көлік әкеліп сатып жүрген қазақстандықтарға қатысты жаңа ереже пайда болды. Ереженің кімдерге қатысы болатынын өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев түсіндірді.

Министрдің айтуынша, автокөлікті әкелудің жаңа ережелері заңсыз көлік тасымалымен айналысатын адамдарға қызметін заңдастырып, ресми дилер болуға мүмкіндік береді.

Ол қазіргі елге автомобиль әкелу ережелері 2015 жылы қолданысқа енгенін және осы кезге дейін ережелерге өзгеріс енгізілмегенін алға тартты. 2024 жылдың желтоқсанында енгізілген өзгерістер көлеңкелі бизнеспен айналысып жүрген азаматтарды ресми тіркеуге мүмкіндік бермек.

«2023 жылы бізде бір адам 793 көлікті шетелде сатып алып, елге өткізген. 34 адам шетелден 100 астам көлік алып келген. Яғни бұл кәсіпкерлік деуге болады. Сондықтан бірінші кезекте, шектеу қойып отырған жоқпыз. Егер адамдар кәсіпкерлікпен айналысқысы келсе, жүздеген машиналарды тасымалдауды қаласа, мемлекеттік органдардың заңды талаптарын сақтауы, тиісті төлемдерді қолдануы қажет», – деді министр.

Министрдің сөзінше, жаңа ережелерге байланысты көп көлік тасымалдап жүрген азаматтар ЖШС тіркеп, мемлекеттің заңды талаптарын айналып өтпеуі қажет.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов шетелден тасымалданатын автокөліктердің техникалық талаптарға сай келуін қатаң тексеруін тапсырды.