Украина әскеріне Трамп инаугурациясына дейін Курск облысын ұстап тұруға бұйрық берілген

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Украина әскеріне Курск облысын ұстап тұруға бұйрық берілген
Украина әскеріне Курск облысын ұстап тұруға бұйрық берілген / Фото: ВВС

Украина қарулы күштеріне АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп инаугурациясына дейін Ресейдің Курск облысын ұстап тұру туралы бұйрық берілген. Бұл туралы британдық BBC басылым жазды.

ВВС ақпаратына сүйенсек, Ресейде соғысып жатқан сарбаздардың бірі басылымның арнайы тілшісіне Курск облысынан кетпейтіндерін, аймақты Трамп инаугурациясына дейін ұстап тұратынын айтқан.

«Ресейдің үнемі бомбалап жатқаны, ауа райының бұзылуы, ұйқының қанбауы сарбаздардың жағдайын әлсіретіп жіберген. Дегенмен бұл қызмет жалғасады. Тек уақыт мәселесі», – деп жазды ВВС басылымы.

Агенттікке сұхбат берген Павел есімді сарбаз ротацияның болмауынан және Украина әскерінде көбіне орта жастағы азаматтардың болуы олардың алға жылжуына кедергі келтіріп отырғанын айтқан.

«Біздің алдымызда тұрған басты міндет – Трамптың инаугурациясы мен келіссөздер басталғанға дейін Ресейдің көп аумағын ұстап тұру. Кейін оны айырбастау мүмкіндігі болатын шығар. Нақты не үшін бұл жерде тұрғанымызды әзірге білмейміз», – дейді Павел.

Бұған қоса, сарбаз әзірге Курск облысында Солтүстік Корея әскерін кездестірмегенін айтқан. Сондай-ақ кореялық сарбазды тұтқындаған жағдайда қосымша демалыс берілетінін атап өткен.

Қазан айының соңында НАТО Солтүстік Корея әскері Ресейдің Курск облысына келгенін растаған. Сол уақытта Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ел және Украина Қорғаныс министрі Рүстем Модеров НАТО басшысы Марк Рюттемен келіссөздер жүргізген.

Сондай-ақ оқыңыз