Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2024 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша 30,5 трлн теңге немесе 63,6 млрд АҚШ доллар. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 22,6%-ына тең.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарына берген жауабында, мемлекеттік қарызды басқару валюта тәуекелдерін азайту, бюджетке түсетін қарыз ауыртпалығын шектеу және дефолттың алдын алу үшін қажет екені атап өтілді.
Үкімет мемлекеттік қарыздың шамадан тыс өсуіне жол бермеу үшін бірқатар шектеулерді енгізген. Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес:
- Мемлекеттік қaрыз ЖІӨ-нің 32%-ынан аспауы керек.
- Үкіметтік қарыз ЖІӨ-нің 27,5%-ымен шектеледі.
- Жиынтық мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 53,2%-ынан аспауға тиіс.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, мемлекеттік қарыздың қауіпсіз деңгейі ЖІӨ-нің 50-60%-ы көлемінде деп саналады. Қазақстанның қарыз көрсеткіші бұл деңгейден айтарлықтай төмен, сондықтан елдің қаржылық жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.
Алайда мемлекеттік қaрыз көлемі жыл басынан бері айтарлықтай өскен. Биыл наурызда Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік қарыздың 27 трлн теңге екенін мәлімдеген еді. Ал қазан айында бұл көрсеткіш 3,5 трлн теңгеге артқан.
Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы жетекші рейтинг агенттіктерінің жоғары бағаларымен расталып отыр. Бұл елдің өз қарыз міндеттемелерін орындаудағы сенімділігін көрсетеді. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның мемлекеттік қарыз деңгейін «жоғары емес» деп бағалап, елдің қаржылық мүмкіндіктеріне сенім білдіріп отыр.