Oxford сөздігі 2024 жылдың үздік сөзін жариялады: бұл – ағылшын тіліндегі «brain rot» (қазақша «мидың шіруі» немесе «ми деградациясы») сөзі. Аталған термин интеллектуалдық белсенділіктің төмендеуін сипаттайды. Әсіресе, бұл интернетте немесе әлеуметтік желілерде сапасыз, мағынасыз контентті шамадан тыс тұтынумен байланыстырылады.
Бұл таңдау Oxford университетінің баспасы (Oxford University Press) ұйымдастырған онлайн дауыс беру нәтижесінде анықталды. Дауыс беруге 37 мыңнан астам адам қатысып, алты ұсынылған сөздің ішінен «brain rot»-ты жылдың сөзі ретінде таңдады.
Oxford сөздігі ұйымдастырған бұл дәстүрлі шара жылдың негізгі көңіл-күйі мен трендтерін көрсетуді мақсат етеді. Бұған дейін мұндай мәртебені «rizz» және «climate emergency» (климаттық төтенше жағдай) секілді сөздер иеленген.
«Brain rot» түсінігі адамның психикалық немесе интеллектуалдық жағдайының нашарлауын сипаттайды. Oxford университетінің баспасы бұл терминнің танымалдылығының артуын цифрлық дәуірдегі өмір салтына деген алаңдаушылықпен байланыстырды. Әлеуметтік желілердегі контенттің артуы адамдардың бос уақытын қалай өткізетініне әсер етіп, ми қызметіне зиян тигізуі мүмкін деген пікірлер көпшілікті ойландырып отыр.
Айта кету керек, «brain rоt» термині алғаш рет 1854 жылы Генри Дэвид Тороның «Walden» атты кітабында қолданылған. Алайда заманауи мағынасы мен қолданылуы тек соңғы жылдары өзекті болды.
Oxford Languages президенті Каспер Гратволь бұл туралы былай деп пікір білдірді:
«Brain rot цифрлық өмірдің ықтимал қаупі мен адамдардың бос уақытын өткізудің тәсілдері туралы мәдени дискуссияның келесі кезеңіне назар аударады. Бұл терминнің кең қолдау тапқаны таңқаларлық жағдай емес.»
Еске сала кетейік, бұған дейін Dictionary.com платформасы 2024 жылдың сөзі ретінде «demure» сөзін таңдады. Бұл сөз бастапқыда «ұялшақ», «сыпайы», «байсалды» деген мағыналарды білдірсе, 2024 жылы ол интернет-мем ретінде кеңінен танымал болды.