Америкалықтар Арал маңынан литий іздейді

Жарияланды
Литий шөгінділерін іздеу жұмыстары Арал мен Каспий маңында және Баянкөл өңірінде жүргізіліп жатыр / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Америкалықтар Арал маңынан литий шөгінділерін іздейді. Бұл туралы Үкімет сағатында Ұлттық геологиялық қызмет төрағасы Ерлан Ғалиев айтты.

«АҚШ Мемлекеттік департаментінің энергетикалық ресурстар бюросының ұсынысымен «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясымен Арал теңізі өңірінде литий ресурстарын зерттеу және Қалба-Нарым белдеуінде сирек металдарға геохимиялық іздеу жүргізу бойынша көпжақты меморандум жасалды», – деді Ғалиев.

Ғалиевтің айтуынша, жоба америкалықтардың есебінен қаржыландырылады. Сонымен бірге Франция, Финляндия, Канада сынды елдермен бірлесіп жүзеге асырылатын жобалар бар екенін де айтты.

Одан бөлек мемлекет қаржысы есебінен де елдің 12 учаскесінде сирек металдарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

«Бүгінгі таңда сирек кездесетін металдарға сұраныс жоғары болып отыр. Бұл орайда 12 учаскеде мемлекет қаржысы есебінен жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын»,- деді премьер-министр.

Әсіресе, литийге деген сұраныс ерекше екенін атап өтіп, бұл металды іздестіру жұмыстары Баянкөл өңірі мен Арал–Каспий аумағының маңында жүргізіліп жатқанын айтты.

Сонымен қатар 2026 жылға дейін геологиялық барлау көлемін қазіргі 1,5 миллионнан 2 млн 200 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайту міндеті қойылғанын, қазірдің өзінде жер қойнауының зерттелген аумағы 2 млн шаршы шақырымға жеткенін мәлімдеді. Алайда соған қарамастан, елде кен өндіру деңгейі айтарлықтай төмендеп кеткен. Бұған Бектенов қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек қорын іздестіру жұмыстарының қарқынының төмендеуі себеп болғанын айтты.

«Қолда бар минералдық-шикізат базасын ұтымды әрі тиімді пайдалануға және жаңа кен орындарын игеруге бағытталған мемлекеттік саясатты әзірлеп, оны нақты іске асыру керек»,- деді Бектенов.

Айта кетейік, осыған дейін Үкімет жер қойнауын зерттеуге 50 млрд теңге жұмсауды көздеп отырғаны туралы Kursivmedia басылымы жазған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз