Жаңалықтар

Туризм және спорт министрлігі лотерея операторын айқындау қағидаларын жариялады

Қағидаларға сәйкес лотерея операторы болу үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, Қазақстан резиденді болуы шарт / Фото: kursiv.media

Туризм және спорт министрлігі Лотерея операторын айқындау қағидаларын жариялады. Бұл құжат «Ашық НҚА» порталына орналастырылған.

Бұл қағидаларға сәйкес, лоторея операторларын конкурс арқылы уәкілетті орган таңдайды. Конкурсқа лоторея операторы болуға ниетті заңды тұлға Қазақстан Республикасының резиденті болуы керек.

Сонымен қатар әлеуетті оператордың лотерея бизнесін ұйымдастыру саласындағы IGT Global Solutions, Scientific Games International Inc., Veikkaus Oy, OPAP S.A., LOTTOMATICA S.p.A, Camelot UK Lotteries Ltd., Playtech PLC, Jumbo Interactive Limited, Japan Lottery System Inc., Magnum Corporation Sdn Bhd, Lotto New Zealand, NanumLotto Inc. сынды әлемдік компаниялардың бірімен ынтымақтастық туралы шарты болуы тиіс.

Қағидаларда көрсетілген талаптарға сәйкес, әлеуетті оператордың лотерея терминалдарының мемлекеттік кірістер органдарына онлайн режимде мәліметтерді қабылдап, бағыттайтын бағдарламалық жүйесі болуы керек.

«Конкурсқа қатысушыны лотерея операторы деп таныған жағдайда лотерея өткізу мерзімінде Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасына сәйкес белгіленген лотерея операторына қойылатын талаптардың сақталуы туралы кепілдік хаты болуы керек»,- делінген құжатта.

Комиссия мүшелері берген барлық баллдарды жинақтау жолымен ең көп балл алған немесе қайталама конкурстың жалғыз қатысушысы ретінде танылған конкурс қатысушысы конкурстың жеңімпазы ретінде танылады.