«Қазатомөнеркәсіп» акцияларының бағасы өсіп жатыр
KASE-дегі «Қазатомөнеркәсіп» акциялары қымбаттады. 2 желтоқсандағы сауда сессиясының қорытындысы бойынша, қағаз құны 21 130 теңгеге көтерілді. Алдыңғы рекорд 2021 жылы қараша айында тіркелген еді. Ол кезде акция бағасы 20 900 теңге болды. Лондон биржасында 40,45 АҚШ долларына саудаланып жатыр.
«Қазатомөнеркәсіп» халықаралық биржадан 200 млн доллар тартқалы отыр. Сондықтан құны 100 мың доллар болатын 2000 құнды қағаз орналастырған. 2027 жылдың желтоқсан айына шейін айналымда болады.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Ұлттық атом компаниясының акциясы өсімнің негізгі драйвері болып отырғанын атап өтті. 28 қарашада компания 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қаржылық есеп берген болатын. Онда табысының 2,5 есе артқаны, акциялары 5,91%-ға немесе әр қағазға 1 180 теңгеге қымбаттағаны айтылды.
Әлемдік нарықта биыл уран 40%-ға дейін қымбаттаған. Бұл компанияның табысын арттырып отыр. Биыл 745 млрд теңгеге жуық таза пайда тауыпты. Өсімге түрткі болған тағы бір жайт алдағы уақытта уранға сұраныс өседі деп болжанып отыр.
Қаңтар-қыркүйек айларында «Қазатомөнеркәсіп» құны 927,3 млрд теңге болатын уран сатқан. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 4,1 есе жоғары. Байытылған уранды сатудан 120,3 млрд теңге түсім түскен. Бұл былтырғы 9 айдағы көрсеткіштен 3 еседей көп.
Қазақстандық компанияның құнды қағаздары шетелде, атап айтқанда, Лондон қор биржасы, AIX биржасы және KASE-де орналастырылған. Өнімдерін Қытайға, Оңтүстік және Шығыс Азияға, Солтүстік Америка және Еуропаға экспортқа шығарады.
Айта кететін жайт, «Қазатомөнеркәсіп» – дүниежүзіндегі уран өндіретін алпауыт компаниялардың бірі. Әлемдегі шығарылған уранның 20%-ы осы компанияға тиесілі. Жақында «Қазатомөнеркәсіп» Қытайға ірі көлемде уран жеткізу туралы келісім жасады. Моңғолияда да барлау, өндіру жұмыстарын қолға алмақ.