Британдық дәрігерлер смарт-сағат тағатын азаматтардың денсаулығына алаңдаулы

Жарияланды 3 Желтоқсан 2024 14:22

(жаңартылды 3 Желтоқсан 2024 15:09)
post.authors.0.name

Светлана Ғалымжанқызы

Британдық дәрігерлер смарт-сағат тағатын азаматтардың денсаулығына алаңдаулы
Британдық дәрігерлер смарт-сағат тағатын азаматтардың денсаулығына алаңдаулы / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазір адамның жай-күйі мен денсаулығын бақылап, ақпарат беретін технологиялар қатары көбейіп келеді. Алғашында смарт-сағаттан басталған тенденция миллиардтаған қаржы айналатын жеке дара индустрияға айналды

Біз білетін смарт-сағат жүрек соғысы, жаттығу жасағандағы динамика, дене температурасы, ұйқы режімі мен неше қадам жүргені сияқты ақпарат ұсынады. Одан бөлек ағзадағы қант деңгейін анықтайтын датчиктер, ұйқы режимі туралы егжей-тегжей ақпарат беретін сақиналар сияқты басқа да түрлі құрал бар. Бұл құрылғылардың денсаулықты қадағалауға, аурудың алдын алуға пайдалы болғаны сонша Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі Уэс Стритиң Ұлттық денсаулық сақтау қызметінде тіркелген миллиондаған науқасқа смарт құрылғылар таратып беру туралы ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, құрылғылар ауырсыну белгілерін, обырды емдеу шараларына реакция сияқты ақпаратты біліп отыруға мүмкіндік береді. Алайда елдегі көптеген дәрігер мен техника сарапшылары адамның жай-күйі туралы ақпаратты құрылғылар арқылы бақылап отыру ұсынысына үреймен қарады. 

Желіде пайдаланушының өзі ауырмай жатып, смарт сағаты мен сақиналары алдын ала білгені туралы жаңалық көп. Оны құрылғылар жүрек қағысы, дене температурасының құбылуынан байқайды екен. Смарт құрылғыларды жасаушылар адам мен дәрігер жұмысын жеңілдетуді мақсат ететінін хабарласа да, дәрігерлер құрылғылардағы ақпаратты әзірге назарға алып жүрген жоқ. Мәселен, Oura смарт сақинасында денсаулыққа қатысты ақпаратты сақтап қоятын арнайы функция бар. Компания бұл функцияны сақина иесі дәрігерлеріне жолдап отыру үшін арнайы қосқан. 

АҚШ-та жұмыс істейтін дәрігер Жейк Дойч Oura компаниясына да кеңес береді. Ол сақинадан алынған деректер науқастың денсаулығы туралы егжей-тегжей хабар алуға жағдай жасайды дейді. Дегенмен көп әріптесі бұл ойымен келісе қоймайды екен. Оксфордта дәрігер болып қызмет ететін Хелен Солсбери де смарт құрылғысы көрсеткен ақпаратқа сүйенетін науқас қатарының артқанын айтады.

«Бірақ мені бұл жағдай алаңдатады. Маған құрылғылардың пайдасына қарағанда зиян келтірген жағдай көбірек сияқты. Ал құрылғылар күнделікті ақпарат беріп тұрғандықтан, денесі мен ішкі күйін шамадан тыс бақылайтындар қауымдастығы қалыптасып келе жатыр. Бұл да жақсы жайт емес деп ойлаймын», – дейді дәрігер. 

Дәрігер құрылғы істен шығуына байланысты дұрыс емес ақпарат беруі мүмкін екенін, ал иесі мән-жайды анықтамастан дабыл қағып, уайымдай бастайтынын алға тартады.

«Мені денсаулығын шамадан тыс бақылайтын адамдардың қатары көбейгеніне бей-жай қарап отырғанымыз алаңдатады. Адамдар өздерін жайсыз сезінгенде емес, сағаты “ауырып жүрсің» дегенде дәрігерге барып жүр. Оның психикаға да әсері бар. Бірақ түптеп келгенде қандай құрылғы болса да, ағзадағы обыр сияқты қатерлі ауруларды анықтап бере алмайды. Құрылғы жақсы әдет қалыптастыруға пайдалы, дегенмен ол беретін кеңесті дәрігерлер бірнеше жылдан бері айтып жүр. Ол барлығына аян қарапайым кеңес. Денсаулық жақсы болуы үшін жиі жаяу жүріп, алкогольді шамадан тыс ішпеу керек, артық салмақтан арылуға тырысу керек. Бұл ережелер ешқашан өзгере қоймас”,– дейді дәрігер. 

Смарт құрылғылар арасында ең жиі сатылатыны – Apple Watch, алайда кейінгі жылдары сағат сатылымы сиреген. Apple өз маркетиң жарнамаларында сағаттың жүрек қағысын бақылауы арқылы ажалдан аман қалған адамдардың оқиғасын пайдаланады. Дегенмен орынсыз дабыл жағдайлары да жоқ емес. Көп жағдайда дәрігерлерге сағаттан алынған деректер бергенімен, дәрігерлер ол ақпаратқа сүйенбей, өз құрылғылары арқылы тексергенді жөн көреді. 

«Электрокардиограмма жасап жатқанда құрылғы сөніп қалады деп қорықпайсыз, ол тоққа қосулы тұр. Ал қолға тағатын сағаттың қуаты шектеулі, ол сөніп тұратындықтан толық картинаны бере алмайды. Сағат орнынан қозғалып тұрады, адам да қимылдайды – бұл қосымша шу туғызуы мүмкін. Сондықтан сағат жинаған деректің көп жағдайда дәл болмауы мүмкін”, – дейді Ноттингем университетінің смарт құрылғылар кафедрасының доценті Ян Уэй. 

«Жүрек соғысын жақсы есту үшін адамның жүрек тұсын не білегін тыңдаймыз. Ал саусақтағы сақина аталған екі жерден де алыс. Сондықтан сақиналар қарапайым жүрек соғысынан да жаңылуы мүмкін. Құрылғыларда дерек жинауға, қуаттандыруға, деректің форматына қатысты ортақ халықаралық стандарт жоқ», – дейді Уэй. 

Сонымен қатар дәрігер құрылғы апат кезінде жедел желілерге хабарлама жіберетінін айтады. Ал егер жалған ақпарат себебінен Төтенше жағдайлар қызметіне негізсіз хабарласса, бұл да мәселе туғызуы мүмкін. Сондықтан дәрігер олармен де кеңесу керек екенін алға тартады. 

Науқастарды құрылғымен қамтамасыз ету мәселесі Ұлыбританияда бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Дегенмен әлі нақты шешім не ұсыныс табылмады. Сарапшылар технологиялық қамту жағын реттемей, деректерді талдай алатын жұмыс күшін қолдамай бұл жаңалықты енгізу қиындық туғызуы мүмкін деген пікірде. 

Сондай-ақ оқыңыз