Оңтүстік Корея Парламенті әскери жағдайды тоқтатуға дауыс берді
Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблеясы Президент Юн Сок Ёлдың импичмент жарияламауы үшін енгізген әскери жағдайды алып тастауды талап етуге дауыс берді. Республика Конституциясына сәйкес, егер парламент депутаттарының көбі талап етсе, соғыс режимі алынып тасталуы керек деп еске салады Yonhap агенттігі.
Парламент шешімінен кейін ел президенті де өз ойынан айнып, елдегі әскери жағдайдың күшін жойды. Әскери жағдай ұйымдастыруға жиналған қарулы күштер өз штабтарына кері қайтарылды.
Оңтүстік Корея Парламенті мәжіліс залынан трансляцияны YTN ұлттық телеарнасы жүргізді. Соғыс режимін алып тастауды 190 депутаттың барлығы қолдап дауыс берген.
Парламент спикері У Вон Сик: «Біз демократияны халықпен бірге қорғаймыз» деп уәде берді. Оның айтуынша, депутаттар қабылдаған қаулыға сәйкес, Президент бұдан былай «жарамсыз» деп саналатын әскери жағдайды алып тастауы керек.
Ұлттық ассамблея төрағасы әскерилер мен полициядан халық алаңдамас үшін тез арада Парламент ғимараты мен оның аумағына шығып кетуді сұрады.
Оның сөзінен кейін YTN арнасы әскерилер мен полицияның кетіп бара жатқанын, ал Ұлттық ассамблея ғимаратының жанына жиналған Сеул тұрғындары депутаттардың шешімін қолдап жатқанын хабарлады.
Сеул мэрі О Се Хун қала әкімшілігінің шұғыл отырысынан кейін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Үндістан мен Малайзияға бүгін жоспарланған сапарын тоқтататынын айтты.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореядағы отандастарымызды сабырлыққа шақырып, Кореядағы ресми биліктің ұсыныстарын орындап, көпшілік шараларға қатыспауды ұсынды. Кореядағы қазақстандықтар төтенше жағдайға тап болса +8210-6572-9311 нөміріне елшікке хабарласа алады.
Оңтүстік Кореяда 1980 жылдан бері алғаш рет әскери жағдайды жариялаған ел президенті Юн Сок Ёл өз шешімін «солтүстіккореялық қарсы күштерді» жою қажет деген уәжге негіздеді. Оның сөзінен кейін көп ұзамай Yonhap агенттігі әскерилерге сілтеме жасап, Парламент пен саяси партиялардың қызметіне тыйым салынғанын, ал БАҚ әскери жағдай қолбасшылығының бақылауына алынғанын хабарлады.
Бірнеше сағат бұрын Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл елде әскери жағдай енгізілгенін мәлімдеді. Ол оппозициялық Демократиялық партияны үкіметті жаулап алуға тырысты деп айыптады. Корея басшысы мәлімдемесінен кейін полиция мен Парламенттің қауіпсіздік қызметі заң шығарушы ғимаратты қоршап үлгерді. Одан кейін ғимаратқа депутаттар, Парламент қызметкерлері мен журналистердің ғана кіруіне рұқсат берілді.