Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Әнуар Күмпекеевтің Көкшетау әкімі қызметіне тағайындалу себебін түсіндірді. Павлодар қаласын тек 1 жыл басқарған экс-әкім Күмпекеев кезінде қызметтік пәтер мен кеңсе жиһаздарын қымбатқа сатып алып, бюджет қаржысын ысырап етті деп дауға қалған.
Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте БАҚ өкілі Марат Ахметжановтан журналистер жуырда Әнуар Күмпекеевтің Көкшетауға әкім болып тағайындалу себебін сұрады.
Аймақ әкімі Күмпекеевтің қызметке тағайындалуына ешқандай құқықтық кедергі болмағанын айтады.
«Ол барлық инстанцияның келісімінен өтті. Бұдан бөлек, ол жұмыстан өз еркімен кеткен болатын. Тағайындау кезінде оның білімі мен кәсіби тәжірибесі ескерілді. Ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жақсы біледі, 7 жыл Степногорск қаласында жұмыс істеді, оның 4 жылында сол қаланың әкімі болған»,— деп түсіндірді өңір әкімі.
Әкімнің айтуынша, тағайындау туралы шешім өңірдегі ірі жобалардың, соның ішінде ЖЭО және басқа да инженерлік нысандар құрылысының басталуымен байланысты.
«Мүмкін ол жастықпен бірдеңе жасаған шығар… Айта кету керек, ол ештеңе сатып алған жоқ, тек хабарландыру беріп, кейін оны алып тастады», — деді Марат Ахметжанов.
Биыл 9 қарашада Әнуар Күмпекеев Көкшетау қаласына әкім болып тағайындалған болатын. Облыс әкімі Марат Ахметжанов жаңа әкімді облыс орталығының активіне таныстыра отырып, оның кәсіби қасиеттері мен ұйымдастырушылық қабілеттерін ерекше атап өткен.
Бұған дейін Әнуар Күмпекеев Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келген. Бұл қызметке 2024 жылдың тамызында тағайындалған. 2019 жылы «Транстелеком» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, 2020 жылғы қазаннан бастап «Транстелеком» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған.
Күмпекеев компания басшылығына келмей тұрып, 2012 жылдан бастап Ақмола облысы Степногорск қаласы әкімінің орынбасары, 2015 жылғы мамырдан Степногорск қаласының әкімі, 2018 жылғы тамыздан Павлодар қаласының әкімі лауазымдарын да атқарған.
Павлодарды басқарған тұста Күмпекеев өзінің ысырапшылдығы үшін Павлодар облысының сол кездегі әкімі Болат Бақауовтан сөгіс алған болатын. 2018 жылы Павлодар әкімі қызметін атқарған кезде қызметтік пәтерді 49 млн теңгеге сатып алғаны үшін жазаланған. Ал 2019 жылы 6 млн теңге тұратын жиһаз сатып алғаны үшін қатаң сөгіс алды. 2019 жылдың шілдесінде басшылықтан сөгіс алған әкім өз еркімен жұмыстан кеткен болатын.