Ресей тарапы қазақ мектептерін ашуға қарсы ма — министр жауабы

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Министр қазақ мектептерін ашу мәселесі қалай жүріп жатқанын айтты / Коллаж: kursiv.media архиві

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ресейдің бірнеше қаласында, оның ішінде  Томск, Астрахань және Орынбор облыстарында қазақ мектептерін ашу мәселесі қалай шешіліп жатқанына қатысты пікір білдірді.

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз жиынында БАҚ өкілі ресейлік басылымдардың бірінде Томск билігі сұраныстың жоқтығына байланысты қазақ мектебін салудан бас тартады деген ақпарат тарағанын атап өтті.

Десе де министр қазақ мектептерін ашу мәселесінде бұл аймақтар зерттеліп жатқанын айтты.

«Бұл – тұтас келіссөздер процесі. Қазір қалалар шамамен анықталды. Келесі кезең- нақты орынды белгілеу. Қалалар таңдалғанда, негізінен қазақ бауырларымыз көп шоғырланған жерлерге басымдық беріледі. Бұл қалалардың таңдалуы да, ол жерде мектеп соғу да әлі екі жақты пысықталып жатыр. Жерін анықтау, келісімшартқа қол қою, оның қаржысын анықтау, құрылысы қандай болатыны біршама уақытты қажет ететін дүние. Бірақ шешім қабылданған дүние», – деді министр.

БАҚ өкілі министрден «Ресей тарапы өз аумақтарында қазақ мектептерін салуға аса қызығушылық танытпайды деп ойламайсыз ба» деп сұрады.

«Ол жақтағы әріптестермен үнемі байланыстамыз, сондықтан ондайды байқамадым», – деп жауап берді Ғани Бейсембаев.  

Еске салсақ, осыған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей Федерациясының қазақтар көп тұратын Омбы, Астрахань мен Орынбор қалаларында қазақ мектептері салынуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Қазақстан Ресейде үш мектеп ашса, Ресей Қазақстанда да үш мектеп ашатын болатын.

Сондай-ақ оқыңыз