Жаңалықтар

Жер қойнауын пайдаланатын компаниялар өндірген өнім көлеміне сай салық төлейтін болады

Қазақстанда роялити нормалары енгізілуі мүмкін / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылар үшін қазбаларды өндіруге салынатын салықтың орнына роялити нормалары енгізілуі мүмкін. Мұндай ұсынысты Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жасады.

Үкімет сағатында министр тау-кен саласына келетін инвесторлар санын арттыру үшін Салық кодексінің жаңа жобасы шеңберінде роялти енгізу мәселесі пысықталып жатқанын мәлім етті. Сонымен қатар роялти жайлы Дүниежүзілік банк те ұсыныс білдірген.

«Минералды шикізатты сату құнына негізделген роялтиді енгізу, халықаралық тау-кен компаниялары үшін салық салудың ашықтығын және түсінікті механизмін қамтамасыз етеді», – деді министр. 

Қанат Шарлапаев Премьер-Министр Олжас Бектеновтен Ұлттық экономика, және Қаржы министрліктеріне жаңа Салық кодексінің жобасына 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өндіруге лицензия алған жер қойнауын пайдаланушылар үшін роялти нормаларын енгізу туралы тапсырма беруін сұрады.

«Сонымен қатар, еліміз үшін геология саласының стратегиялық маңызын ескере отырып, Ғылым, және Қаржы министрліктеріне Ғылым туралы заңға толықтырулар енгізу арқылы қаржыландырылатын іргелі ғылымдар тізбесіне геологияны енгізуді тапсыруыңызды сұраймыз»,- деді  Шарлапаев.

Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (ПҚӨС) — бұл жер қойнауын пайдаланушылардан пайдалы қазбаларды өндіру құқығы үшін алынатын міндетті төлем. Оның мөлшері ресурстың түріне (көмірсутектер, металдар, көмір), өндіру көлеміне және әлемдік нарықтық бағасына байланысты анықталады.