Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясындағы One Water саммитінде Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Бангамен кездесті.
Президенттің сөзінше, Қазақстанда Дүниежүзілік банк тобының қолдауымен бірлесе су ресурстары, көлік және білім беру салаларында жалпы құны 3,5 млрд доллар болатын бес ірі жоба іске асып жатыр.
Тоқаев банк тобының Қазақстандағы көлік жолдарының орнықтылығы мен байланысын жетілдіру бағдарламасы жобасына 650 млн доллар бөлгенін құптады. Бұған қоса, Жезқазған–Қарағанды автомагистралінің құрылысына инвестиция салынбақ.
Бұдан бөлек, президент Тоқаев Франция президенті Эмманюэль Макронмен кездесті. Айта кетейік, Қазақстан мен Францияның төрағалығымен өтіп жатқан саммитте су қорын сақтау мәселелері қозғалды.
Тоқаев өзінің Францияға сапарын еске алып, Макронға алғыс айтып, екі ел арасындағы қатынасты нығайтуға Парижде көптеген келісімге қол жеткізілгенін атап өтті.
«Келіссөздердің қорытындысына және тиісті құжаттарға қол қойылғанына көңілім толды. Францияға мемлекеттік сапарым ұзақмерзімді экономикалық өсімге және елдеріміз арасындағы байланысты нығайтуға жасалған маңызды қадам болды. Бірнеше аптадан кейін-ақ түрлі бағыттағы негізгі келісімдердің жүзеге асып, нақты нәтиже бере бастағаны қуантады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Макрон да екі ел қарым-қатынасының қарқынды дамып келе жатқанын айтып, бірнеше салада: энергия тиімділігі, таза технологиялар, су ресурстарын басқару, инновациялар, деректер алмасу және жасанды интеллект дамуында ынтымақтастықты нығайтуды көздейтінін алға тартты.
Қазақстан президенті саммит аясында сөз сөйлеп, әлемдегі су қорын сақтаудың маңызы туралы айта кетті. Оның сөзінше, жыл сайын су тасқыны немесе су жетіспеушілігінен әлемде 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегеді. Бұдан бөлек, президент Арал теңізінің жағдайына байланысты сөз қозғады.
«Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың ілгерілеуіне қолдау көрсетеді. Қазақстан бүгін жаһандық су дағдарысын шешуге мүдделі тараптарды біріктіретін және су ресурстарын басқару ісінде жаңашылдықты жақтайтын One Water Vision коалициясына ерекше ықыласпен қосылды. Еліміз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізеді», – деді Президент.
Саммит аясында Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері әрі премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен кездесті.
«Кездесу барысында энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды», – делінген Ақорда хабарламасында.