Жаңалықтар

«Каспий» футбол клубының басшылығы оқу-жаттығуға бөлінген 27 млн теңгеден астам қаржыны жымқырған

«Каспий» футбол клубында басшылығы 27 млн теңге жымқырған / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ақтаулық «Каспий» футбол клубы басшылығы оқу-жаттығуға бөлінген 27 млн теңгеден астам қаржыны жымқырған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы хабарлады.

Прокуратура мәліметінше, тергеу барысында, клубтың бұрынғы басшысы өзінің 2 танысымен бірге күш қолдану арқылы клубтың қызметкерін айғақтарды өзгертуге мәжбүрлегені белгілі болды.

Сонымен қатар 15 млн теңгені қорқытып алуға әрекеттенген. Футбол клубының экс-басшысы және екі сыбайласы қамауға алынды.

Еске сала кетейік, Қазақстан футбол клубтарында жымқыру фактілері бірінші рет болып жатқан жоқ. Петропавлдағы «Қызыл-Жар СК» футбол клубының лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүріп жатқаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оралдық «Ақжайық» футбол клубының экс-директоры қамауға алынған еді. Талдықорғанда «Жетісу» футбол клубының спорт директоры Д. М. Иманқұлов 5,5 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, соңғы алты жылда Қазақстандағы футбол клубтарына бюджеттен 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның ішінде «Астана» футбол клубына бюджеттен ең көп қаржы бөлінеді, оған бөлінген қаржының төрттен бір бөлігі немесе 50,1 млрд теңге жұмсалған. Клуб бұл қаржының 60%-дан астамын, яғни 33 млрд теңгені еңбекақы төлеуге жұмсапты.