Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрі Ким Ён Хён 3 желтоқсанда елде енгізілген әскери жағдайға байланысты халықтан кешірім сұрап, президентке отставкаға өтініш бергенін мәлімдеді. Бұл туралы кореялық Yonhap хабарлады.
«Ұлттық қорғаныс министрі ретінде мен толық жауапкершілікті мойындаймын және қоғамда алаңдаушылық пен түсінбеушілік тудырғаным үшін өкінемін,» – деді министр.
Президент Юн Сок Ёль әскери жағдайды «солтүстіккореяшыл антимемлекеттік күштерді» жою мақсатында енгізгенін мәлімдеген болатын.
Әскери жағдай жарияланғаннан кейін арнайы әскерилер парламент ғимаратына кіріп, баррикадалар құрды. Алайда 190 депутат жиналып, шұғыл отырыс өткізіп, әскери жағдайды жою туралы шешім қабылдады. Президент Юн Сок Ёль әскери жағдайды жарияланғаннан алты сағаттан кейін алып тастауға шешім қабылдады.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Оңтүстік Кореяда түрлі мақсаттармен 30 мыңнан астам Қазақстан азаматы жүр. Вице-министр Әлібек Бақаев Oңтүстік Кореядағы жағдайдың шиеленіскеніне қарамастан, эвакуация қажеттілігінің жоқтығын атап өтті.