Қытай Халық Республикасы (ҚХР) АҚШ-қа бағытталған жаңа санкциялар аясында әскери мақсатта қолданылуы мүмкін деп танылған кейбір материалдардың экспортын тоқтатты. Бұл туралы Қытайдың Сауда министрлігіне сілтеме жасап Reuters хабарлады.
Шетелдік басылымның мәліметінше, тыйымға галлий, германий, сурьма және аса қатты материалдар кірген. Бұл материалдар жартылай өткізгіш компоненттерді өндіруде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар Қытaй АҚШ-қа графит өнімдерін жеткізуге де қатаң бақылау енгізді.
Reuters деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қаңтарынан қазан айына дейін Қытайдан АҚШ-қа галлий мен германий жеткізілмеген. Бұл көрсеткіш өткен жылы Қытайды осы минералдардың төртінші және бесінші ірі экспорттаушысы еткен болатын. Сондай-ақ, қазан айында сурьма өнімдерінің экспорты қыркүйекпен салыстырғанда 97%-ға қысқарған.
Бұл шектеулер Дональд Трамптың Қытайдан әкелінетін барлық тауарға 10%-дық баж салығын енгізу туралы мәлімдемесінен кейін қабылданды. Трамптың бұл шешімі сауда-саттықтағы шиеленісті одан әрі күшейтті.
Қытай тарапы мұндай қадамдарды ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық мүдделерді қорғау мақсатында жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.
«Бұл сауда соғысы, және оның жеңімпаздары болмайды», – деді Қытайдың Дүниежүзілік тау-кен ассоциациясының төрағасы Питер Аркелл.
Айта кетейік, Қытай – АҚШ-тың үшінші ірі сауда серіктесі. Оның үлесін тек Мексика мен Канада басып озады. Reuters мәліметі бойынша, 2024 жылы Қытай тазартылған галлий өндірісінің 98,8%-ын және германийдің 59,2%-ын қамтамасыз еткен.
Дональд Трамп өз сайлауалды бағдарламасында Қытаймен саудадағы ерекше жеңілдіктер мәртебесін алып тастайтынын және БРИКС елдерінің жаңа валюта құруы жағдайында бұл мемлекеттерден келетін тауарларға 100%-дық баж салығын енгізетінін айтты.