Жағдай шиеленіссе де, Оңтүстік Кореядағы 30 мың қазақстандық елге қайтуға ниетті емес – СІМ

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Оңтүстік Кореяда 30 мыңнан астам Қазақстан азаматы бар / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс кулуарында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың жағдайы туралы айтып берді.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан ешқашан үшінші елдердің ішкі істеріне араласпайды, сондықтан Оңтүстік Кореядағы жағдай – бұл елдің ішкі мәселесі. Алайда СІМ-нің басты міндеті – шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының құқықтарын барынша қорғауды қамтамасыз ету.

Бақаевтың айтуынша, Оңтүстік Кореядағы жағдайға байланысты елшілікке ешбір қазақстандық жүгінбеген.

«Егер азаматтар тарапынан өтініштер түссе, елшілік қолдау көрсетеді», – деді ол.

Бүгінде Оңтүстік Кореяда түрлі мақсаттармен 30 мыңнан астам Қазақстан азаматы жүр. Соншалықты көп азаматтың бұл елде болуына Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы визасыз режим себеп болып отыр.

Вице-министр Oңтүстік Кореядағы жағдайдың шиеленіскеніне қарамастан, эвакуация қажеттілігінің жоқтығын атап өтті. Бұл Израиль мен Украинадағы жағдайға ұқсамайды, себебі онда соғыс әрекеттеріне байланысты қазақстандықтар арнайы ұйымдастырылған рейстермен елге қайтарылған болатын.

Еске сала кетейік, Оңтүстік Корея президенті шұғыл кеңес өткізіп, өзінің импичментке ұшырау әрекеті туралы мәлімдеді. Президент оппозицияны елдің негізгі функцияларын орындауға қажетті бюджеттік қаржыны қысқартты деп айыптады. Елде уақытша әскери жағдай енгізіліп, кейіннен жойылды.

Сондай-ақ оқыңыз