Қазақстан Еуразиялық одақ аясында кедендік түсімнен көбірек үлес алуы керек – Саиров

Жарияланды
Саиров геосаяси жағдайларға байланысты ЕАЭО-да Қазақстанның экономикалық үлесі артқанын, сәйкесінше, кедендік баж түсімдерінен алатын үлесі артуы қажет екенін айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Депутат Ерлан Саиров бюджет тапшылығын Қазақстанның ЕАЭО бойынша кедендік түсімнен алатын үлесі арқылы толтыруды ұсынды. Ол үшін елдің кедендік түсімнен алатын үлесін арттыру қажет деп санайды. Бұл туралы депутат мәжіліс отырысында айтты.

Жиында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасын таныстырды.

Министрлік өкілі келісімнің Иранмен сауданың қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жасалғанын, келісім негізінде тауар номенклатурасының 90%-ға дейін бажсыз сауда жүргізу көзделіп отырғанын айтты.

Депутат Ерлан Саиров Төребаевтан Қазақстанның бұл келісімнен нақты қандай пайда көретінін, анықтап сандармен атап беруін сұрады.

«Бұл Қазақстан мен Иранның емес, Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында жасалып жатқан өзара сауда жөніндегі келісім. Осы орайда Қазақстанның Еуразиялық одаққа мүше ел ретінде бұл саудадан түсетін үлесі қандай? Нақты сандарды атасаңыз. Жалпы Қазақстанның Еуразиялық Одақ мүшесі ретінде кедендік түсімдерден алатын үлесін артттыру бойынша қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?», – деп сұрады депутат.

Вице-министр Иранмен сауда ел үшін өте маңызды екенін, бұл елдің нарығы 85 млн адамды құрайтынын айтты. Үлкен нарыққа Қазақстан өз өнімдерін ұсынып, екі ел арасындағы сауда айнылымын 6 есе өсіріп, 3 млрд долларға жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Төребаев ЕАЭО мүшесі ретінде бұл саудада Қазақстанның үлесі қандай болатынын нақтыламады. Баждан түсетін пайда одаққа мүше елдер арасында бөлінетінін атап өтті.

Ал депутат Саиров баждан түсетін салық арқылы бюджет тапшылығын жабуға болатынын айтты. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ ішінде Қазақстанның экономикалық үлесі артып келеді. Ал Ресей санкция астында. Басқа мемлекеттердің экономикалық үлесі айтарлықай жоғары емес.

«Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше ел ретінде алатын үлесі аз. Бұл кезінде министрлік қызметкерлерінің Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғай алмағанын көрсетеді. Бүгінгі күні Қазақстан бюджетінің жағдайы қандай екенін бәріміз көріп отырмыз. Бюджет тапшы. Енді еліміздің бюджетін қалыптастырудың бір инструменті – ЕАЭО-дағы баждан түсетін кедендік түсім мөлшерін арттыру. Осы мәселе бойынша Сауда және Сыртқы істер министрліктері серіктес елдермен жұмыс жүргізуі керек. Аумалы-төкпелі заманда мемлекеттің мүддесін қорғап үйренген жөн», – деді депутат.

Айта кетейік, Мәжілісте Иран елімен қатар Сингапурмен Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда келісімі ратификацияланды.

Еске сала кетсек, қыркүйек айында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның ЕАЭО бойынша кедендік түсімнен алатын үлесі артуы мүмкін екенін айтқан болатын. Министр ахуал өзгергенін, баждан түсетін салық пропорцияларын өзгерту күн тәртібінде тұрған мәселе екенін атап өткен. Бұл орайда Қазақстанның үлесін өзгерту үшін жаңа методология әзірленып жатқанын да хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз