«Келешек» бағдарламасы 2025 жылы 1 наурызда іске қосылады. 5 жасқа толған балаларға қанша теңгеден төленеді?
«Келешек» бағдарламасы 2025 жылдың 1 наурызында іске қосылады. Мемлекет бағдарлама негізінде балалардың есепшотына 60 АЕК (235 920 теңге), ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 120 АЕК (471 840 теңге) көлемінде ақша аударады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ашық НҚА» порталына орналастырған құжатта жазылған.
Бұл қаражат білім беру жинақ салымдарына немесе сақтандыру келісімшарттарына аударылады.
«Бастапқы білім беру капиталын есептеу салымшыға салым шарты бойынша немесе күнтізбелік жылы бес жасқа толған сақтандыру шарты бойынша пайда алушыға жүзеге асырылады. Бір салымшыға немесе пайда алушыға бастапқы білім беру капиталын қайта есептеуге жол берілмейді», – делінген құжатта.
Бастапқы білім беру капиталы жылына екі рет аударылады:
- ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін 5 жасқа толған балаларға – 31 тамызға дейін;
- алдыңғы жылдың 31 желтоқсанына дейін 5 жасқа толған, бірақ бастапқы білім беру капиталы есептелмеген балаларға – 28 ақпанға дейін.
Ата-аналар мен қамқоршылар бұл қаражаттың үстіне қосымша ақша құйып отыруы керек болады. Ең төменгі жарна жыл сайын жетім балалар үшін кемінде 12 АЕК (2025 жылы 47 184) және толық отбасылар үшін 24 АЕК (94 368 теңге) көлемінде бекітілген.
Егер бұл сома күнтізбелік жылдың аяғына дейін толтырылмаса, мемлекеттен түскен төлем бюджетке қайтарылады.