Ауылдарда банкомат жоқ. «Қазпошта» өңір тұрғындарының зейнетақысы мен жалақысын тарату үшін жыл сайын 10 млрд теңге шығындайды

Жарияланды
«Қазпошта» ауыл тұрғындарына жалақы мен зейнетақысын жеткізу қызметіне жыл сайын 10 млрд теңге шығындайды / Коллаж: kursiv.media

«Қазпошта» ауыл тұрғындарына зейнетақы мен жалақыны жеткізу қызметіне жыл сайын 10 млрд теңге шығындайды. Бұл туралы Мәжіліс жиынында «Қазпошта» басқарма төрағасы Әсел Жанасова айтты.

Депутат Қарақат Әбден ауылдарда пошталардың банк қызметін атқарып отырғанын, ал банктердің ауылды жерлерде өз филиалын ашуға ниет танытпай отырғанын тілге тиек етті.

«Екінші деңгейлі банктер өз филиалдарын немесе банкоматтарын ауылды жерлерде ашуға асықпайды. Бірақ ауыл адамдарына қуана-қуана карта ашып беріп, клиенттік базасын кеңейтіп жатыр. Бұл орайда банк инфрақұрылымының қызметі үшін шығындар ауыл тұрғындарының мойнына жүктеліп жатқан жоқ па?», – деп сұрады депутат.

«Қазпошта» басшысы Әсел Жанасова жыл сайын ауылда қаржылық инфрақұрылым қызметін ұйымдастыруға 10 млрд теңге жұмсалатынын айтты.

«Ауылды жерлерде 300 банкомат пен көптеген бөлімшеміз, кассамыз жұмыс істейді. Пошта қызметі ауыл мен қала арасындағы қантамыр іспетті. Расында, екінші деңгейлі банктер ауыл азаматтарына карта ашқанымен, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етпейді. Ал тариф қала және ауыл деп бөлінбейді, бәріне бірдей. Бұл қызметті ұйымдастыру үшін күзет, инкассаторлар, ғимараттар керек. Біз осы жұмысты бұдан ары қарай да дамытамыз. Заңға ұсынылып отырған өзгерістер сол жұмысымызды жүргізуге оң ықпал етеді», – деді Жанасова.

Ал жобаны таныстырған депутат Екатерина Смышляева карта шығаратын банктерді ауылды жерлерді банк инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге міндеттеу мәселесі көтерілгенін айтты. Алайда бұл тұста азаматтық құқық мәселесі бар болып шықты. Өйткені ауыл азаматтары елдімекенде мұндай банктің қызмет көрсетпейтінін біле тұра, карта ашады. Осы орайда банктерді міндеттеу мәселесі қарастырылмайды.

«Бірақ «Қазпоштаның» банктік инфрақұрылымын пайдаланғаны үшін екінші деңгейлі қаржы ұйымдары ақы төлеуі керек деп ойлаймын», – деді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз