Жаңалықтар

Солтүстікте сепаратизм қаупі сиреді – СҚО әкімі

СҚО сепаратизмге
СҚО-да қараша айында екі адам сепаратизм үшін жауапқа тартылған / Фото: soltustikkaz.kz; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Солтүстік Қазақстанда сепаратизмге қарсы қолданылатын шаралар нәтижесін беріп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда биыл сепаратизмге қатысты оқиғалар аз тіркелген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов айтты.

Жиында журналист өңірде сепаратизмге қатысты жағдайлар жиі тіркелетініне тоқталып өтті. БАҚ өкілі өткен жылы Халықтық кеңес құрып, «тәуелсіздігін» жариялаған Зудерманның оқиғасын, сонымен бірге қарашада екі өңір тұрғынының сепаратизм үшін жауапқа тартылғанын еске салды.

«Қараша айында Қазақстанды екіге бөлуді ұсынған екі өңір тұрғыны жауапқа тартылғаны туралы ақпарат тарады. Жалпы өңірде мұндай жағдайлардың жиілеп кетуіне не себеп? Халықтың сепартистік көңіл-күйін бақылап отыру үшін әкімдік тарапынан қандай шаралар қолданылып жатыр?», – деп сұрады журналист.

Нұрмұхамбетов әкімдік тарапынан сепаратизмге қарсы профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Жалпы бұл мәселеге көбінде полиция департаментінің жауапты екенін айтқан әкім биылғы жылы сепаратизмге қатысты жағдайлардың аз тіркелгенін мәлімдеді.

«Өткен жылы өздеріңіз білесіздер, сепартизмге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол азаматтар ұзақ жылға сотталды. Ал осы жылы дәл сондай мемлекет тұтастығына нұқсан келтіретін жағдайлар тіркелген жоқ. Азаматтар кейде әлемуттік желідегі провакацияға еріп кетіп жатады. Десе де, өткен жылғы жағдай азаматтарды ойландырған секілді. Өйткені адамдардың мұндай үндеулерге ілесіп кету жағдайлары сиреген. Бұл олардың ақпаратты сүзгіден өткізіп, саналы түрде талдау жүргізе бастағанын көрсетеді»,- деді әкім.

Еске сала кетсек, облыс әкімі өткен жылы да, өңірде сепаратизмге жол берілмейтінін, ел тұтастығына қарсы шыққан кез-келген адам заңмен жауапқа тартылатынын айтқан болатын. Сонымен бірге өңірде сепаратизм мәселесімен Қазақстан халық ассамблеясы айналысатынын, әр ұлттан жиналған мамандар жұмыс істеп, мониторинг жүргізіп отыратынын мәлімдеген.