Қазақстандық ұялы байланыс операторлары бағаны заңсыз көтерген бе? Монополияға қарсы орган тергеуді бастады
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс операторларына қатысты тергеу бастады. Олардың қатарында «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС (Тele2/Altel) және «Кар-Тел» ЖШС-да (Beeline) бар. Олар 2023 жылы өзара келісіп, тарифті көтерді деген күдікке ілініп отыр. Бұл жайт Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабында қарастырылған.
Агенттіктің мәлімдеуінше, 2024 жылдың желтоқсанынан бастап операторлардың бағаны көтеруі – заңсыз. Сондай-ақ бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзады.
«Оның үстіне 18 теңге көлемінде тариф жоспарында бір минут сөйлесу үшін қоңыраулардың бірыңғай құны бекітілген. Ұялы операторларға анықталған белгілерді тоқтатуға хабарлама жіберілді», – делінген агенттіктің хабарламасында.
Агенттік операторлардан бағаны түсіруді талап етіп отыр. Қазіргі кезде ұялы байланыс операторлары қабылдаған шараға қатысты сот органдарына шағым түсірген. Сот шешімі шыққанша, тергеу тоқтатылған.
2024 жылдың 19 қарашасында Астана қаласы бойынша агенттік департаменті «үстем жағдайын асыра пайдалану» белгілерін жою туралы «КаР-Телге» ескерту жасады. Тариф пакеттерінде үй интернетінің жылдамдығын таңдауда тұтынушыларға шектеу жасалғаны анықталған. Мұндай жағдай «Қазақтелеком» АҚ қызметінен де табылып, тергеу рәсімі басталды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2024 жылы көтерілген баға бойынша талдау жасалатынын жария етіп отыр. Оның қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілмек.
Агенттік ұялы байланыс операторларына бәсекелестікті қорғау заңын бұзбауға шақырып отыр.
Мұның алдында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров Kcell-ді бәсекелестік ортаға сату қажет екенін, бұл активті жекешелендірудің басқа тізіміне қосатынын мәлімдеген еді.