2025 жылдан кейін мұнайға деген жаһандық сұраныс құлдырайды – Reuters

Жарияланды
Ресей мұнайын
2024 жылдың шілде айында Қытайда алғаш рет жанармаймен жүретін көліктерге қарағанда, электрокарлар мен гибридтер көбірек сатылды/фото: Kursiv.media мұрағаты

2025 жылдан кейін мұнайға деген жаһандық сұраныс құлдырайды, деп хабарлайды Reuters басылымы.

Сарапшылар пайымынша, бұған 2025 жылдан кейін Қытайдың мұнай импортын азайтуы себеп болмақ. Себебі әлемдік «қара алтынның» 40%-ын тұтынып отырған ҚХР-да электромобильдер саны артып, шикізат қажеттілігі азаяды.

«Қытайдың электр көліктерге «күн санап» көшуі мұнай өндірушілер мен инвесторларды таң қалдыра бастады», – деп хабарлады Reuters.

World Energy компаниясының бағалауы бойынша, ресми Бейжіңді бұл тұрғыдан ешбір ел алмастыра алмайды. Өйткені әлемдік мұнай тұтынудағы Қытайдың үлесі 41%-ды құрайды.

Айта кететіні, 2024 жылдың шілде айында Қытайда алғаш рет жанармаймен жүретін көліктерге қарағанда, электрокарлар мен гибридтер көбірек сатылды.

«Бұл елдің бензин өндіру үшін шикі мұнайды импорттау қажеттілігін азайтты. Ұзақ уақытқа созылған экономикалық тұралау «қара алтын» тұтынуды бәсеңдетті», – деп хабарлады басылым.

Мерзімінен бұрын құлдырау

Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA) сарапшысы Сиаран Хилидің айтуынша, биыл жанармайға сұраныс төмендей бастады. Рецессия болжамнан шамамен 2 жыл бұрын басталды. Агенттіктің маусым айындағы болжамына сәйкес, бұл 2025-2027 жылдар аралығында тіркелуі керек еді.

Morgan Stanley тауар жөніндегі бас стратегі Мартин Рэтстің хабарлауынша, мұнайға сұранысты Қытайдың жаңадан дамып келе жатқан мұнай-химия секторы арттыра алады.

«Бейжіңнің әуе керосині мен мұнай-химия өнімдерін тұтынуы жылына шамамен 100 000-нан 200 000 баррельге өседі. Бұл ұзақ мерзімді трендтен әлдеқайда төмен. Ал оның орнын ешбір ел толтыра алмайды», – деді Мартин Рэтс.

Статистика бойынша, өткен қарашада Қытайға шикі мұнай импорты ұлғайған. Бірақ 2024 жылдың қаңтар-қазанында көрсеткіш 3,4%-ға төмендеді. Бұдан төмен көрсеткіш 2021 жылы (-7,2%) COVID-19 пандемиясы кезінде тіркелген болатын.

Даудың басы…

Reuters-тің хабарлауынша, Қытайда дизельге деген сұраныс та төмендеп келеді. Жылжымайтын мүлік дағдарысы бизнесті арзанырақ газбен жүретін жүк көліктеріне көшуге мәжбүрледі.

Алайда авиациялық отынға сұраныс артып келеді, бірақ бұл бензин мен дизельді тұтынудың төмендеуін өтемейді.

Қытайдағы отын мен шикі мұнайға сұраныстың болашағы туралы болжамдар әр түрлі.

«Келесі жылы жанармайға сұраныстың шарықтау шегі болады. 2025 жылы мұнайға сұраныс тәулігіне 11,2 млн баррельге жетеді. Бұл 2023 жылғы рекордпен тең. 2024 жылдың алғашқы 10 айындағы деңгейден тәулігіне 440 мың баррельге жоғары болады», – деп хабарлады FGE консалтингтік компаниясы.

Еске сала кетсек,  2025 жылы мұнайға деген жаһандық сұраныс төмендеуі мүмкін, деп хабарлаған Иранның OPEC+ ұйымындағы өкілі Афшин Жаван. Оның айтуынша, бұл OPEC+ ұйымы болжамымен сәйкес келмейді. Оған Қытай экономикасының құлдырауы себеп болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз