Жол апаты екі есеге көбейді. Белсенділер «тәуліктен бір сағат уақыт ұрлағаны» үшін Үкіметті Констититуциялық сотқа бермек
Бүгін Алматыда сағаттың алға жылжуына қарсы бір топ белсенділер «Ұрланған уақытымды қайтар!» деген ұран көтеріп, Үкіметтің үстінен Конституциялық сотқа шағым түсіретінін мәлімдеді. Олардың пікірінше, уәждерін бейтарап орган емес, дәл осы уақыт ауыстыруға мұрындық болған Сауда және интеграция министрлігі қарапты. Астана соты министрліктің ұстанымын қайталаудан әрі аспаған.
«Сандж зерттеулер орталығы» президенті, әлеуметтанушы Жанар Жандосованың айтуынша, сағаттың алға жылжуы Шығыс және Орталық Қазақстан тұрғындарына ауыр тиіп тұр.
«Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы, Абай, Жетісу және Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында адамдардың 85%-ы уақыт ауысуы кері әсерін тигізгенін айтты. Орталық Қазақстанда сұралғандардың 54%- ы «жағымсыз» әсерін алға тартты. Бұл – елімізде 11 млн-ға жуық адамға кері әсер етіп отыр деген сөз», – дейді Жанар Жандосова.
Әлеуметтанушының айтуынша, күн ерте бататын ШҚО және Абай облыстарында жол көлік апаттары екі есеге дейін өскен. Сондай-ақ уақыт ауысқан соң, тұрғындардың денсаулығы нашарлап, қылмыс деңгейі де артқаны байқалады. Билік басқаша ақпарат бергенмен, балалардың да денсаулығы мен көңіл-күйіне кері әсер етіп отыр.
«Сандж зерттеулер орталығы» президентінің мәліметінше, уақыт өзгерісінен тек қана ойын-сауық орталықтары мен энергетика саласы ғана ұтып отыр. Қалған салаларға, әсіресе, бизнеске кесірін тигізген.
«Үкіметтің қаулысын жою туралы талап-арыз бердік. Бізді кім қарады? Сауда және интеграция министрлігі! Бұл – уақыт ауыстыруға бастама көтерген ведомство. Сіз біреудің үстінен шағым арыз берсеңіз, сол адам сіздің шағымыңызды қараса, бұл – қисынсыз нәрсе емес пе?», – дейді қоғам белсендісі Қазбек Бейсебаев.
Сондай-ақ ол уақыт ауыстыруға бастама көтергендердің атын атап, түсін түстеп берді.
«Әлемде жер көлемі тоғызыншы орын алатын елде бірыңғай сағаттық белдеу енгізу идеясы қайдан шықты? Қаһармандарымызды тануымыз керек. Бастама көтерген – үш депутат. Еркін Әбіл, Мұрат Әбенов және Берік Бейсенғали. Бұл үшеуі бір жыл бұрын сол кездегі премьер-министрдің атына елде бірыңғай сағаттық белдеу енгізу туралы хат жазған», – дейді Қазбек Бейсебаев.
Заңгер Амангелді Шорманбаевтың пікірінше, бұл жерде заңдық мәселе жоқ, тек қана адам құқығын бұзушылық бар.
«Бастапқыдан-ақ риясыздық болмады. Бұл тек қана бір министрлікке ғана емес, бүкіл Үкіметке қатысты. Өйткені қаулыны Үкімет қабылдады. Сараптама жүргізіп, сотқа беру керек деп шештік. Қараша айында теріс шешім қабылдады. Бірнеше жыл бұрын әкімшілік-процедуралық кодексті «демократиялық реформаның ұлы жетістігі» ретінде жарнамалаған еді. Әлемге эмиссарлар жіберіп, адам құқығы қорғалатынын айтқан. Заңгерлер кодекстің жұмыс істемейтінін бірден-ақ аңғарды. Бұл жолы судья Сауда министрлігінің дәйектерін қайта жазып шыға салды», – дейді заңгер.
Наразылардың айтуынша, уақыт ауыстыру мәселесінде адамдардың наразылық білдіру, денсаулығын сақтау және басқа да конституциялық құқықтары бұзылып отыр.
Мұның алдында Астана соты бұрынғы уақытты қайтару туралы петицияны қараған жұмыс тобының шешімін заңды деп тапқаны туралы жазғанбыз. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұрынғы уақытты қайтаруды көздейтін белсенділердің «депутат Әбіл отырыс төрағасы болды, бұл ереже бұзушылық» деген пікірін шындыққа жанаспайды деп ұйғарған. Соттың анықтауынша, бұл депутат басшы емес, жұмыс тобы басшысының орынбасары болған. Комиссия құрамын қалыптастыру кезінде ешқандай ереже бұзылмаған деп шешім қабылдаған еді.