Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың парақшасын кім жаңартып жатыр? Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жауап берді

Жарияланды
Вайнерлерге мекемеден тыс жерде телефон қолдануына рұқсат етілген/фото: Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жазасын өтеп жатқан Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың әлеуметтік желідегі парақшасы неге ұдайы жаңарып тұратыны жайында Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түсініктеме берді.

Tengrinews.kz бұл мәселе жөнінде құзырлы органға арнайы сауал жолдаған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, вайнерлерге мекемеден тыс жерде телефон қолдануына рұқсат етілген. Тек қана смартфонға тыйым салынған. Демек, өздері парақшаларын жаңарта алмайды.

«Әлеуметтік желідегі парақшаларды жүргізу жайында осы тұлғалармен әңгіме жүргізілді. Оның барысында парақшаларын әйелі мен әкімгерлері жүргізетіні анықталды», – деп жауап берді комитет.  

Айта кететін жайт, 2023 жылы екі вайнер қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Заң алдында жаза басса да, Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың елге әлі де сүйкімі барын аңғаруға болады. Өйткені, ақтаушылардың қарасы аз емес. «Оларды жайы қалдырыңдаршы, одан да Бишімбаевтың қайда отырғанын тексерсеңдерші», «Әлеуметтік желіде отырған жоқ, әйелдері қолдау көрсетіп отыр», «Жоқ жерден мәселе тудырмаңдар», – деп қолданушылар наразылық білдіріп, жазба қалдырып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз