Жаңалықтар

Мемлекеттік кірістер комитеті декларация тапсырмаған 70 мыңға жуық адамның есепшотын бұғаттады

Фото: shutterstock

Декларация тапсыруға міндетті бола тұра уақытылы тапсырмаған 68,3 мың жеке кәсіпкер мен өз-өзін жұмыспен қамтушы тұлғаның банк шоты бұғатталды. Қазір 17,5 мыңнан астам салық төлеуші декларациясын қайта өткізгеннен кейін бұғаттау шешілді деп хабарлайды мемлекеттік кірістер комитеті.

Ведомствоның мәлімдеуінше, егер декларацияда салық органының коды, салық кезеңі немесе декларация тапсырылған күн тәрізді қажетті мәліметтер болмаса немесе құжатқа «өңдеуден бас тару» деген статус берілсе, декларация қабылданбайды. Ондай жағдайда салық төлеуші азамат құжатты қайтарып алып, өз бетінше түзете алады.

Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларация тапсыруға 2024 жылдың 1 қаңтары мен 16 қыркүйек арасы яғни 8,5 ай уақыт берілді. Аталған мерзім аралығында Мемлекеттік кірістер органдары ақпараттық кампания жүргізіп, декларация тапсыру туралы азаматтарға хабарлады.

«Ақпараттық қолдауға қарамастан, кейбір салық төлеушілер белгіленген мерзімде декларация тапсырған жоқ. Декларацияны уақытылы тапсыра алмаған азаматтар үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұзушылықтар жойылғаннан кейін банктік шоттар бойынша шығыс операциялары бір жұмыс күнінен кешіктірілмей бұғаттан шешіледі», – деп түсіндіреді комитет.

Айта кету керек, Салық кодексінің 118-бабына сәйкес, банк есепшотын бұғаттау тек жеке кәсіпкерлерге және өз-өзін жұмыспен қамтитын азаматтарға ғана қатысты.

 2024 жылы қыркүйекте жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі аяқталды. Оның аясында кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың жетекшілері, құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары кіріс және мүлкі жайлы құжат тапсырып, Қазақстандағы және шетелдегі мүлкі жайлы есеп берді.