«Азық-түлік корпорациясы» Ресейдің әрекетіне байланысты Ақтау портындағы астық терминалының негізгі капиталына салынатын инвестицияны 1,7 есе қысқартады. Бұл туралы құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Бұл өзгерістер «Ақ Бидай-Терминал» компаниясының негізгі капиталына салынған инвестицияларға әсер етеді. Ұлттық компания геосаяси жағдайға байланысты Ақтау портындағы терминалдар арқылы Иран бағытында астық жөнелтілімдері күрт азайды деп түсіндірді .
Бұл Ресейдің өз экспортын Астрахань порты арқылы Иранға қайта бағыттауымен байланысты болды. Осының нәтижесінде «Азық-түлік корпорациясы» 2024–2030 жылдар аралығында Ақтау астық терминалының негізгі капиталына инвестиция көлемін 4,4 млрд теңгеден 2,5 млрд теңгеге дейін қысқарту туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ құжаттан комапния 2024 жылы стратегиялық сату нарықтарына астық жөнелтудің ең төменгі көлемін 205 мың тоннадан 150 мыңға дейін қысқартқаны белгілі болды.
Корпорация негізгі үш себепті атады:
- Азық-түлік корпорациясының жоғары бағалары:
- Қазақстан астығын Ресей астығымен алмастыру;
- ҚТЖ логистикасына қатысты мәселелер.
Ұлттық компания астықты жоғары бағамен сатып алды, нәтижесінде сату бағасы ішкі нарықта да, экспортта да өтімсіз болып шықты, деп атап өтті мекеме.
«Ресей астығының бақыланбайтын импорты ішкі нарықтың толып кетуіне және қазақстандық астықтың сыртқы нарықтардағы орнын толтыруына алып келеді. Соның салдарынан шаруалар астық өткізу арналарынан айырылып, бағаның төмендеуі жалғасуда (айына 200 мың тоннадан астам)», – делінген құжатта.
«Азық-түлік корпорациясы» астық «Қазақстан темір жолы» тасымалы құрылымының 5%-ын ғана құрайтынын, сондықтан басқа жүктер (көмір, руда, металдар) секілді басымдық ретінде қарастырылмағанын мәлімдеді.
«ҚТЖ-ның агроөнеркәсіптік кешен саясатымен келісілмеген әрекеттері қытайлық серіктестердің қазақстандық астықты жеткізудің тұрақсыздығы туралы теріс бағалауына алып келді. Орташа айлық экспорт жоспары 144 мың тонна болса, оның 30,5 мың тоннасы немесе жоспардың 30%-ы келісілген», – деп атап өтті ұйым.
Сондай-ақ корпорация қаржыландыру мәселесіне байланысты қолдау бағдарламаларымен қамтылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 2024 жылы 800 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін қысқартты. Алғашында форвардтық сатып алу бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланғанымен, бюджеттен 40 млрд теңге ғана бөлінді.
«Бөлінген қаражаттың қысқаруына байланысты (100-ден 40 млрд теңгеге дейін) 800 мың тонна бастапқы көлемді сатып алу мүмкін емес болып көрінеді, сондықтан бұл көрсеткішті өзгерту ұсынылды», – делінген құжатта.
Қолдау бағдарламаларымен қамтылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі де кейінгі жылдары қысқарды.