FlyArystan аудит қорытындысы бойынша компания қаражаты жымқырылғанын анықтады

Жарияланды
/фото: kursiv.media

FlyArystan әуекомпаниясы қаражаты талан-таражға түскенін мәлімдеді. Компания басшылығы бастамасымен тәуелсіз аудитор мекеме тексеріс жүргізіп, осы деректі растаған. Бұл іс құқық қорғау органдарына берілді.

«Тергеу нәтижелері бойынша ұрлық фактілері расталды, осыған байланысты әуекомпания кінәлі адамдарды анықтау және материалдық залалды өтеу үшін құқық қорғау органдарына жүгінді», – деп хабарлады FlyArystan баспасөз қызметі

Компания тоғыз айдағы қаржы есебін қайта түгендеп, осы факт назарда болатынын жария етті. Бұдан басқа егжей-тегжейлі ақпарат жарияланған жоқ.

«Тергеу мүддесі үшін қосымша егжей-тегжейлі дерек жария етiлмейдi. FlyArystan өз қызметінде алаяқтық пен заңсыздыққа мүлдем төзбейді», – деп түйіндеді хабарламасын.

Азаматтық авиация комитеті жазғы уақытта осы компанияға тексеріс жүргізді. Сол уақытта оның негізін қалаған Air Astana-ға да комиссия шүйлікті.

Жыл басында лоукостер Air Astana компаниясынан бөлініп шыққан. Сәуір айында оның заңды тұлға екенін растайтын сертификат берілді.

Биыл рейстердің кешіккені және басқа да техникалық ақаудың болғаны үшін екі компания да жиі сынға ұшырады.

Сондай-ақ оқыңыз