«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы орынбасарының наразылық акциясын тоқтату туралы ұсынысына кәсіподақ төрағасы келіспеді
Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсарту жөнінде талап қойған «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшылары әлі күнге райынан қайтқан жоқ. 12 қарашада Бұрғылау жұмыстары басқармасының кәсіподағы ұйымдастырған акцияны компания заң шеңберіне сыймайды деп санайды.
Жұмысшылар бұған дейін «Қазмұнайгаз» ҰК басшылығын келіссөзге шақырып, өздерінің талап-тілегі орындалмайынша, діттеген мақсаттарынан қайтпайтынын мәлімдеген. 3 желтоқсан күні ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов наразылық акциясына қатысқандармен кездесті.
Осы жиын хаттамасына сүйенсек,төраға орынбасары Бұрғылау жұмыстары басқармасының қызметкерлерін жұмыс орындарына қайтуды сұраған. Егер осыған келіссе, ұлттық компания мен ӨМГ басшылығы ешқайсысын тәртіптік жауапкершілікке тартпайтынына уәде берген. Одан кейін бітімгерлік комиссия арқылы екі тарап мәмілеге келуі керек деп көрсеткен.
Бірақ ҚМГ талабына жұмысшылар келіскен жоқ. Кәсіподақ төрағасы келісімшартқа қол қоюдан бас тартты.
«ҚР заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары үшінші тұлғалардың араласуынсыз тікелей жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында реттелуі тиіс екенін хабарлаймыз», – деп мәлімдеді «Қазмұнайгаз».
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов кәсіпорныдағы жұмыс үдерісінің тоқтауы себепті күніне 100 тонна мұнайды өндіре алмай жатқанын айтты. Бірақ оның өзі жұмысшылармен кездеспеген.
ҚМГ ішкі құжаттарға сай қызметкерлеріне әлеуметтік пакеттер қарастырылғанын мәлімдеген. «Өзенмұнайгазда» жұмыс істегендердің балаларын жұмысқа орналастыра алмайтындарын айтқан.
«ӨМГ зейнеткерлерінің (бұрынғы қызметкерлерінің) балалары компанияның штатына тікелей алынса, 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзады. Алгоритмге сәйкес ӨМГ зейнеткерлерінің балалары мен жұмыссыз азаматтар тең дәрежеде жұмысқа қабылданады. Бұл талапты орындау мүмкін емес, өйткені жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған Жаңаөзен қаласының басқа жұмыссыз тұрғындарының құқығын бұзады», – деп жазды ҚМГ баспасөз қызметі.
Ұжымдық шарт бойынша компанияға 44 миллиард теңге әлеуметтік төлем қарастырылған. Соның 5 млрд теңгесі БЖБ-ға бағытталады.