Парламент квазимемлекеттік компанияларды әр теңгесі үшін есеп беруге міндеттемек

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Мажилис принял Бюджетный кодекс после внесения сотни правок
Мәжіліс бірнеше рет түзетуден кейін, жаңа Бюджет кодексін Сенат қарауына жіберді / shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Енді квазимемлекеттік сектор кірістері туралы парламент пен қоғамға есеп беріп отырады. «Самұрық-Қазына» қорының кем дегенде 50%, ал квазимемлекеттік компаниялардың 70% табысы бюджетке аударылатын болады. Сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын пайдалануға да бірқатар шектеу қойылады. Бірнеше рет түзету енгізілген Бюджет кодексінде осы мәселелер негізге алынған.

Мәжілістің жалпы отырысында төменгі палата депутаттары аталған Бюджет кодексін мақұлдап, оны Сенат қарауына жіберді. Палата төрағасы Ерлан Қошанов жаңа кодекстегі негізгі нормаларға тоқталды.

«Қазір Мәжілісте Салық кодексі қаралып жатыр. Бүгін міне, жаңа Бюджет кодексін қабылдап отырмыз. Бұл мәселе жан-жақты талқылаудан өтті. Өткен аптада ел бюджетін қарау кезінде де бюджет саясаты төңірегінде қызу пікірталас болды. Депутаттардың тарапынан айтылған сын-ескертпелердің барлығы осы кодексте ескерілді. Үкіметтен келген кодекстің жобасына депутаттардың тарапынан өте үлкен концептуалды өзгерістер енгізілді», – деді палата төрағасы Ерлан Қошанов.

Қошанов Ұлттық қор ресурстарын тиімсіз жұмсау мәселесі жиі көтерілгенін айтып, жаңа бюджет кодексінде сол қаражатты нақты мақсаттарға пайдалану жөнінде норма бекітілгенін мәлімдеді. Енді Ұлттық қор қаражаты тек өндіріске немесе елдімекендердің өмірлік маңызы бар инфрақұрылымына ғана жұмсалатын болады.

Сонымен қатар құжатта квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджетпен өзара қарым-қатынасын реттейтін бірқатар нормалар енгізілген.  

«Бұдан бөлек, квазимемлекеттік сектордағы дивиденд саясаты қайта қаралды. Бұл да көп жылдан бері айтылып жүр. Біз осыны бүгін Бюджет кодексінде заңдастырдық.  «Самұрық-Қазына» қорының кем дегенде 50 пайыз, ал квазимемлекеттік компаниялардың 70 пайыз табысы бюджетке аударылатын болады. Бұл бұрын Үкімет қаулысымен бекітілетін болатын. Бүгін Кодекске енгізіп отырмыз», – деп мәлімдеді Мәжіліс төрағасы.

Мәжіліс спикері бюджеттің жоспарлау аясын кеңейту үшін енді 10 жылға арналған ұзақмерзімді болжам жасалатынын да атап өтті. Қошанов осы тәсіл арқылы қысқа мерзімге және ұзақ мерзімге бюджет шығысын жоспарлауға болатынын, ол бюджетті тиімді игеруге мүмкіндік беретінін айтады.

«Кодексте бюджет кірістерінің бір бөлігін республикалық деңгейден жергілікті билік органдары деңгейіне беру шаралары көзделген. Жаңа Кодекс Үкімет пен бюджет процесіне қатысушылардың Парламент алдында есеп беруін нығайта түсетінін атап өткім келеді. Бұдан былай Республикалық бюджетке енгізілетін барлық түзету туралы Парламентке хабарланатын болады. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметіне парламент бақылауы күшейеді. Енді Парламентте республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде квазимемлекеттік сектордың ұстанымы ашық режимде тыңдалатын болады», – деді Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде.

Осыған дейін, депутат Асхат Аймағамбетов бюджет тапшылығына белгілі бір дәрежеде бюджет заңнамасы себеп болып отырғанын айтқан еді. Сөзінше, Үкімет пен Қаржы министрлігі өз өкілеттіктерін еркін пайдаланады.

Сондай-ақ оқыңыз