Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: S&P 500 және NASDAQ ең жоғары көрсеткіштерін жаңартты, АҚШ-тың өндірістік секторының әлуеті әлсіз

Уолл-стриттің негізгі индекстері 4 желтоқсанда жаңа рекордтық деңгейлерге жетті /Фото: shutterstock

Федералды резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл ақша-кредит саясатын жұмсарту циклі «қосымша сақтықпен» жүргізілуі мүмкін екенін ескертті. Себебі бағалардың төмендеуі күшті экономика мен жаңа белгісіздік факторларының әсерінен баяулап отыр. Бұл америкалық қор нарығын алаңдатып отыр. 4 желтоқсан күнгі әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыздар.

S&P 500 және NASDAQ тарихтағы ең жоғары көрсеткіштерін жаңартты

Уолл-стриттің негізгі индекстері сәрсенбі, 4 желтоқсан күні жаңа рекордтық деңгейлерге жетті. Өйткені технологиялық компаниялардың акциялары раллиге шықты деп хабарлады Reuters. S&P 500 индексі 0,61%-ға өсіп, 6080,73 тармақты бағындырды, ал NASDAQ 1,3%-ға өсіп, 19 707 тармаққа жетті. Dow индексі де 0,69%-ға қымбаттады.

Бәсекеде Salesforce (+11%) алда тұр. Ол үшінші тоқсандағы кірісінің Уолл-стрит болжамынан асып түсуі нәтижесінде акцияларының рекордтық бағасын жариялады. Басқа да «бұлтты» компаниялар өсім көрсетті. Мысалы, ServiceNow және Datadog 6,1% және 7,1%-ға өсті. Дәрі-дәрмек өндіруші Eli Lilly компаниясының акциялары 2%-ға жуық қымбаттады. Өйткені оның салмақты азайтатын Zepbound препараты салыстырмалы зерттеуде Wegovy-ден асып түсті.

Пауэлл: АҚШ экономикасы тұрақты

Федералды резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл сәрсенбі күні экономика қарқынды өсіп, бағалар төмендеген кезде пайыздық ставкаларды төмендету кезінде «қосымша сақтық» таныту керек екенін айтты деп хабарлады NYT.

«Экономика біз ойлағаннан әлдеқайда күшті, ал инфляция сәл жоғары, – деді Пауэлл DealBook конференциясында. – Біз нейтралды позицияны табуға тырыса отырып, сәл сақтық танытамыз».

Кейінгі айларда АҚШ экономикасы таңғаларлық жылдамдықпен өсті. Бұл тұтынушылардың Рождество алдындағы шығындануының нәтижесінде орын алып отыр. Еңбек нарығы баяулағанымен, тоқтап қалған жоқ, жалақы өсімі тұрақты, ал өнімділік жақсара түсті.

Бұл АҚШ-қа ауыр рецессия қаупін төндірмеуге мүмкіндік берді. Бірақ экономиканың тұрақтылығы ФРЖ-ның болашақ қадамдарын қиындатады. Себебі олар пайыздық ставкаларды қаншалықты төмендету керек екенін анықтай алмай отыр. Бірнеше белгісіздік факторы бар. Соның ішінде Дональд Трамптың экономикалық саясаты инфляцияның жоғары деңгейде қалуын қамтамасыз етуі мүмкін.

АҚШ-тың өндірістік секторының әлуеті әлсіз

Қазан айында АҚШ-та өнеркәсіптік өнімдерге тапсырыстар 0,2%-ға өсті, бұл екі ай бойғы төмендеуден кейінгі алғашқы өсу болды деп хабарлады АҚШ Сауда министрлігі 4 желтоқсан күні. Market Watch хабарлауынша, бұл деректер Wall Street Journal сауалнамасына қатысқан экономистердің болжамдарымен сәйкес келді.

Ұзақ мерзімді тауарларға тапсырыстар 0,3%-ға өсті, бұл бастапқы бағалаудан жоғары. Тасымалдау шығындарын есепке алмағанда, тапсырыстар 0,1%-ға ұлғайып, қорғаныс саласын есепке алмағанда 0,3%-ға артты. Алайда негізгі капиталды тауарларға тапсырыстар 0,2%-ға төмендеді.

Экономистердің пікірінше, жалпы АҚШ-тың өндірістік секторы баяу жұмыс істеп жатыр. Тапсырыстар соңғы алты айдың төртеуінде төмендеді. Өндірістік PMI индексі 24 ай қатарынан төмендеп келеді.

Marvell акциялары Amazon AWS-пен жасалған келісім нәтижесінде өсе бастады

Marvell Technology компаниясының акциялары сәрсенбі күні 23,2%-ға өсті, деп хабарлады Market Watch. Инвесторлар компанияның жасанды интеллект саласындағы стратегиясын жоғары бағалады. Компанияның жетістігіне байланысты талдаушылар акциялардың мақсатты бағасын көтерді.

Айта кетейік, дүйсенбі күні Amazon Web Services (AWS) және Marvell Technology жасанды интеллект және деректерді қосу өнімдері бойынша серіктестікті кеңейткенін мәлімдеді. Бес жылдық серіктестіктің нәтижесінде Marvell жасанды интеллект саласында «келесі көшбасшы» атануы мүмкін, дейді Mizuho аналитигі Джордан Кляйн.

Сарапшылар осы келісімнің нәтижесінде Marvell компаниясы 2026 қаржылық жылы деректер орталықтарынан түскен 2,5 млрд долларлық табыс мақсатын айтарлықтай арттыра алатынын айтты. Табыс 3,4 млрд долларды құрауы мүмкін. Өйткені арнайы микросхемалар өндірісі жанданып келеді.