Еуро мен доллардың құны қайта теңесуі мүмкін, деп хабарлады Bloomberg басылымы.
Еуро 1999 жылы айналымға енгізілгеннен бері санаулы рет қана АҚШ долларымен тең дәрежеде саудаланды. Соңғы рет 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруі Еуропада энергетикалық дағдарысқа алып келді. Бұл рецессия қаупін туындатып, еуро мен доллардың құны жиырма жылда бірінші рет теңесті. Енді сарапшылар бұл жағдай қайталануы мүмкін деп есептейді.
Еуро неге құлдырады?
Bloomberg сарапшыларының хабарлауынша, Еуропаның ең үлкен қаупі – АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың осы аймақтан импортталатын тауарларға баж салығын көтеруі. Себебі Құрама штаттар автомобильдерден бастап химикаттар, сәнді сөмкелерге дейін Еуропалық Одақтан көптеп сатып алады. Ал арадағы салықты арттыру онсыз да әлсіреген бірыңғай нарықтық экономикаға салмақ салары сөзсіз. Сонымен қатар Еуроаймақта базалық мөлшерлеме басқа дамыған экономикаларға қарағанда төмен. Бұл еуромен сақталған активтердің де пайызының төмендігін білдіреді. Нәтижесінде валютаға сұраныс азаяды.
«Сонымен қатар ЕО-ның екі ірі экономикасы – Франция мен Германиядағы саяси жағдай сол елдерге инвестиция салу тәуекелдерін арттырып отыр. Демек бұл жалпы ЕО-ның дамуын тежейтін құрылымдық мәселе», – деп жазды Bloomberg.
Басылым сарапшыларының пайымынша, еуроның әлсіздігі АҚШ долларының күшіне байланысты. Трамп әкімшілігінің саясаты АҚШ-тағы экономикалық өсім мен корпоративтік пайданы ынталандырады деген үміт аясында долларлық активтерге сұраныс артып келеді. Америка активтерінің салыстырмалы түрде жоғары өтімділігі биыл көптеген негізгі валюталарға әсер еткені сөзсіз.
Еуро мен доллар құны қаншалықты теңесуі мүмкін?
АҚШ-тағы сайлаудан кейін кем дегенде 10 банк еуроның әлсіреуін болжады. Кей қаржы ұйымдары, тіпті 2025 жылы аталған валюталар 1:1 шегінен төмен жылжиды деген тоқтамға келді. Бірақ паритетті сарапшылар бір ауыздан болжап отырған жоқ. Трамптың саяси ұсыныстарын жүзеге асыру ауқымы мен жылдамдығына қатысты әлі де белгісіздік көп. Бұған қоса Еуропадағы экономикалық өсімді ынталандыратын шараларды қабылдайды деген оптимистік көзқарас та бар.
Қос валютаның 1:1 теңесуі қауіпті ме?
Паритетке (валюталардың теңесуі) жету инвесторлар мен саясаткерлер үшін психологиялық тұрғыдан маңызды. Егер еуро бағамы құбылса, миллиардтаған опциондық мөлшерлемелер оған байланысты болуы мүмкін.
«Бұл ортақ валютаға қарсы шыққан популистік саясаткерлерге қолдау болуы мүмкін. Германияның оңшыл AfD партиясы қазірдің өзінде елдің ЕО шығып, еуродан бас тартуын жақтайтын сайлау науқанын жоспарлап отыр», – деп жазды басылым сарапшылары.
Еуроның әлсіреуі Еуропа экономикасына қалай әсер етеді?
Саясаткерлер көбінесе валюта бағамының төмен болуы экономикалық өсуді ынталандырады деп есептейді. Өйткені экспортты бәсекеге қабілетті етеді. Бірақ егер АҚШ бұл тауарларға салықты арттырса, бұл жағдай жақсыдан жағымсызға айналуы ықтимал. Еуроның әлсіреуі шикізатты импорттауды қымбаттатады және баға қысымын қайта күшейтеді.
Салдарынан пандемиядан кейінгі инфляция ақыры бақылауда болады деп үміттенген Еуропа Орталық банк үшін үлкен мәселеге айналады. Еуропа Орталық банкінің атқарушы кеңесінің мүшесі Изабель Шнабель еуро бағамының «айтарлықтай құнсыздануы» инфляцияға әсер ететінін ескертті. Тұтынушылар үшін еуроның құнсыздануы импорттық тауарлардың бағасы өсіп, Еуроаймақтан тыс жерде демалу қымбат шығынға айналатынын меңзейді. Осылайша туризм секторы Америка Құрама Штаттарынан келетін туристер ағынынан табыс таба алады.
Еуропа Орталық банкі еуроны қолдау үшін нарыққа араласа ала ма?
Валюта бағамы Орталық банк саясатының басты мақсаты емес. Тіпті қаржы ұйымы мамандары еуроның тұрақтылығы мен әлсіздігін білдіретін шекті мәндер де белгілемеген. Олар пайыздық мөлшерлемелерді белгілеу кезінде айырбас бағамындағы өзгерістерді ескереді. Бірақ еуроны қолдау үшін тікелей интервенция өте сирек жасалады. Орталық банк осы уақытқа дейін валюта нарықтарына санаулы рет интервенция жасаған. Мәселен, 2000 жылы еуроны қолдау үшін және 2011 жылы жапон иенін әлсірету үшін дамыған демократиялық елдердің бейресми тобы G7-нің көмегіне жүгінген.
Қазіргі таңда еуро Еуропалық Одақтағы 20-дан астам елдің ұлттық валютасын алмастырып, негізгі төлем құралына айналды. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, 2024 жылдың тамызындағы жағдай бойынша SWIFT банкаралық жүйесіндегі еуроның үлесі төмендеген. Көрсеткіш 2020–2022 жылдардағы шамамен 36% болса, 2024 жылдың тамызында 21,6%-ды құрады. АҚШ валютасының үлесі артып, 41%-дан асты.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы қарашада Дональд Трамп АҚШ президенттігіне сайланған соң доллар индексі күшейе бастады.АҚШ валютасы, әсіресе, дамушы елдердің төл ақшаларына қатысты нығайды. Оның ішінде теңге де бар. Кейінгі аптада ұлттық валюта 1 долларға 525 теңгеден төмен құнсызданды.