Валюта нарығы: доллар саудасындағы ірі ойыншылар кімдер?  

Жарияланды
Фото: коллаж kursiv.media

Валюта нарығында долларды сатушылар мен сатып алушылардың екі негізгі нарықтық категориясы бар. Оның бірі сатушылар нарығы болса, екіншісі, сатып алушылар нарығы. Бұл нарықтар сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне байланысты динамикалық түрде өзгереді.

Долларды кімдер сатады?

1. Экспорттаушылардың рөлі

Экспорттаушылар негізгі валюта сатушылар, себебі олар өз міндеттемелерін орындау үшін теңгеге мұқтаж. Әсіресе, мұнай, металл және басқа табиғи ресурстарды экспорттаушылардың табысы доллармен түседі, бірақ жергілікті шығындарын жабу үшін олар долларды теңгеге ауыстырады. Салық төлемдері кезеңінде бұл сұраныс айтарлықтай артады, ал нарықтағы доллар ұсынысы көбейеді. Еске сала кетейік, 2024 жылдың 9 айында Қазақстандағы экспорт көлемі 61,4 млрд долларға жеткен.

2. Ұлттық қордың трансферттері

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер де валюта ұсынысының артуына ықпал етеді. 2024 жылы Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге аударылады деп күтіледі, бұл нарыққа доллар көлемінің көп түсуін білдіреді. Бюджет тапшылығын жабу үшін теңгелік міндеттемелерді орындау мақсатында доллар сатылады.

3. Жеке және институционалдық инвесторлар

Шетел валютасында жинақтары бар азаматтар мен ұйымдар жоғары теңгелік кірістілік (мысалы, облигациялар мен депозиттерден) болғандықтан, доллар активтерін сату арқылы теңгеге өтуді жөн көреді. Бұл, әсіресе, базалық мөлшерлеменің жоғары болуы жағдайында байқалады.

4. Шетелдік инвесторлар

Шетелдік инвесторлар Қазақстан экономикасына инвестиция құйған кезде, олар ішкі нарықта теңгемен есеп айырысу үшін доллар сатады. Бұл жергілікті валютаға қосымша қолдау көрсетеді.

Теңгенің күшеюі нарыққа доллардың жоғары көлемде түсуімен байланысты, бұл ұсынысты арттырады. Сонымен бірге Қазақстандағы импорт көлемінің салыстырмалы түрде төмендеуі сұранысты азайтады, бұл да ұлттық валютаға қолайлы әсер етеді.

Ал басты сатып алушылар қатарында кімдер бар?

Долларды сатып алушылар нарықтағы маңызды ойыншылардың бірі саналады және олардың әрекеті теңгенің айырбас бағамына үлкен әсер етеді.

Импорттаушылар: Импортқа байланысты негізгі сатып алушы. Қазақстан шетелден тұрмыстық техникадан бастап өнеркәсіптік жабдыққа дейінгі көптеген тауар мен қызметті әкеледі.

Қазіргі үрдіс: 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның импорт көлемі шамамен 49 млрд АҚШ долларын құрады. Импорттың өсуі көбінесе мемлекеттік шығыстардың ұлғаюымен және тұтынушылық несиелендірудің артуымен байланысты. Импорттың өсуі доллар сұранысын арттырады, бұл теңгеге қысым жасайды.

БЖЗҚ

Ұлттық банк зейнетақы қорындағы активтердегі  валютаны шетелдік активтерге инвестициялау үшін сатып алады. Ұлттық қордың теңгемен түсетін табыстары кейіннен шетелге инвестиция жасалатын болғандықтан, бұл валюта сұранысын тудырады. БЖЗҚ активінің 40%-ын валютада сақтау үшін, 2024 жылдың 9 айында ҰБ 3,4 млрд долларға нарықтан валюта сатып алды. Зейнетақы активтерінің бір бөлігі халықаралық нарықтарға қаржы салатындықтан, бұл да шетел валютасына сұранысты арттырады.

Жеке тұлғалар

Қазақстандықтар валюта бағамының тұрақсыздығынан немесе инфляциядан сақтану үшін доллар сатып алады. Сондай-ақ шетелде білім алу, емделу, демалыс сияқты мақсаттар үшін валютаға сұраныс бар.

Психологиялық фактор да жоқ емес, мәселен, долларды сақтық үшін сатып алуда халық арасында валюта сатып алуға түрткі болады.

Шетелдік инвесторлар

Инвесторлар пайдасын қайтарып алу үшін немесе басқа валюталық операциялар үшін доллар сатып алады.

Шетелдік инвестициялардың пайдасын елден шығару теңгенің әлсіреуіне ықпал етуі мүмкін.

Доллар сатып алушылардың әртүрлі санаттары экономикалық процестерге байланысты нарыққа түрліше әсер етеді. Сұраныс пен ұсыныстың осы факторлары теңгенің долларға қатысты бағамын анықтайды.

Алыпсатарлар дегеніміз кімдер?

Дәл осы алыпсатарлардың инвесторларға қарағанда, қысқа мерзімде барынша көбірек пайда алу үшін ең «тың» идеяларда жолы болып жатады. Олар қалай болғанда да, ұтуға тырысады. Алыпсатардың мақсаты — валюта бағамдарының қозғалысын дұрыс болжап, төмен бағамен сатып алып, жоғары бағамен сату немесе керісінше әрекет ету арқылы пайда табу.  

Олардың нарыққа қатысуы кәдімгідей өтімділікті арттырады. Дегенмен де шамадан тыс алыпсатарлық кейде нарықтағы тұрақсыздық пен қаржылық дағдарысқа әкелуі мүмкін. Ондай мысалдар қор нарығында өте көп тіркелген.

Валюта нарығындағы алыпсатарлар — бұл қаржы нарығында валюта бағамдарының айырмашылығынан пайда табуды көздейтін трейдерлер немесе инвесторлар. Олар қысқа мерзімді стратегиялар мен нарықтағы ауытқуларды пайдалана отырып, валютаны сатып алып немесе сатып жібереді. Мұндай операциялар көбінесе тәуекелді қажет етеді, себебі валюта бағамдары әртүрлі факторларға байланысты тез өзгереді.

KASE валюталық нарығының мүшелері

Қазақстан қор биржасының (KASE) мүшелері валюталық нарықта белсенді жұмыс істейтін банктер мен брокерлік-дилерлік ұйымдардан тұрады.Олар KASE-нің валюталық нарығында шетел валютасын сатып алу, сату және айырбастау операцияларын жүргізуге құқық алады. Валюталық нарықта тіркелген ресми ұйымдардың саны – 39.

KASE мүшелері негізгі талаптарға сай келетін, лицензиясы бар қаржы ұйымдарына: екінші деңгейлі банктер, брокерлер мен диллерлер және шетелдік қатысушылар кіреді. Сондай-ақ ҚР Ұлттық банк те ірі қатысушылардың бірі. 

Сондай-ақ оқыңыз