«Армения өзін ҰҚШҰ-дан тыс санайды»: Пашинян Путиннің сөздеріне жауап берді
Армения өзін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан(ҰҚШҰ) тыс санайды. Алайда ұйымдағы өзге елдерге деген құрметпен қабылдаған шешімдерге кедергі келтірмейді. Бұл туралы Армения премьер-министрі Николь Пашинян айтты.
Пашинян сөзі Ресей президенті Владимир Путиннің «Ереван ҰҚШҰ-дан кететінін мәлімдеген емес және Ұйым саммитінің барлық құжаттарын қолдайтыны» туралы пікіріне түсініктеме ретінде таралды.
«Құжаттарға келетін болсақ, біз ұйымның жұмысына қатысуымызды тоқтатамыз деп айттық. Құжаттарды әзірлеуге, талқылауға қатыспаймыз, ұсыныс білдірмейміз және ұсыныстарға жауап бермейміз. Ешқандай құжатқа вето қоймаймыз. Шын мәнінде, өзімізді ҰҚШҰ-дан тыс санаймыз. Олар не қалайтынын шешсін, істеріне араласпаймыз, вето қоюға құқығымыз бар, алайда қоймаймыз – бұл тек әріптестерімізге деген құрмет», – деп атап өтті премьер.
Ереван мен ҰҚШҰ арасындағы қазіргі қалыптасқан жағдай, оның айтуынша, Арменияның ұйымға оралуын қиындатады және мүмкін емес етеді.
«Менің ойымша, қайта оралу нүктесі өтіп кетті», – деп қорытындылады премьер.
Айта кетейік, маусымда Пашинян Арменияның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығу жоспарын жария еткен болатын. Алайда жоспарда ұйымнан шығу мерзімі нақты көрсетілмеген. Әзірге Армения өзінің ұйымдағы жұмысын тоқтатып қойған.