«Азаматтарға арналған үкіметтің» Өскемендегі басшысы 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Азаматтарға арналған үкіметтің» Өскемендегі басшысы сотталды
«Азаматтарға арналған үкіметтің» Өскемендегі басшысы сотталды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Азаматтарға арналған үкімет» порталының Өскемен қаласындағы мамандандырылған бөлімінің бұрынғы басшысы бас бостандығынан айырылды. Ол жүргізуші куәлігін берген кезде заңсыз сыйақы алғаны үшін сотталды.

«2023 жылдың ақпан мен қазан айлары аралығында күдіктінің жүргізуші куәлігін алу үшін жол қозғалысы ережелерін білуге теориялық емтихан тапсырған азаматтардан заңсыз сыйақы алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды», – делінген Қаржы мониторингі агенттігінің хабарламасында.

Агенттік тергеу барысында 32 млн теңгеден астам заңсыз сыйақы алу фактісін анықтаған. Бұл қаржы мобильді қосымша арқылы күдіктінің банктегі шотына түскен. Күдікті бұл қылмысты жасыру әрі құқық қорғау органдары тексеруінен қашу үшін ақшаны банктегі шоттары арасында бірнеше рет аударған.

Бұдан бөлек, күдіктінің заңсыз тапқан қаржыға Өскемен қаласында екі бөлмелі пәтер сатып алғаны белгілі болған. Кейін пәтерді бір тәулікке жалға беру жолымен 1,2 млн теңгеден астам қосымша табыс тапқан. Өзі күдікке ілінгеннен кейін, тәркілеуге жол бермес үшін пәтерді үшінші тұлғаға тіркеген.

Дегенмен сот оны кінәлі деп тапқаннан кейін, оның құны 19,5 млн теңге болатын Өскемендегі екі бөлмелі пәтерін мемлекет кірісіне тәркілеп, 3 жылға бас бостандығын шектеді.

Сондай-ақ оқыңыз