Қазақстандағы АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм 20 қаңтарда қызметінен кетіп, зейнет демалысына шығатынын мәлімдеді. Ол 26 қараша күні Қазақстан Үкіметіне өз шешімі туралы хабарлаған.
Розенблюм 2022 жылдың қараша айынан бері Қазақстанда қызмет етіп келеді. 28 жыл бойы АҚШ дипломатиялық қызметінде қызмет атқарған. Ол АҚШ-тың бес президенті мен сегіз мемлекеттік хатшысымен бірге еңбек еткен.
Елшілік ақпаратына сүйенсек, ол өз қызметі аясында екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, сауда, инвестиция, халықтар арасындағы байланыс, университеттер серіктестігі мен қауіпсіздік салаларын дамытуға тырысқан.
«Қазақстанда АҚШ елшісі болу – мен үшін өмірімдегі ең үлкен құрметтердің бірі. Мен Қазақстан халқымен жақынырақ танысып, елдің барлық өңірлерін аралап, оның ерекше тарихы жайлы көп нәрсе білгеніме қуаныштымын. Осында тұрған уақытымда елдің бай мәдениеті мен дәстүрлеріне терең құрметпен қарадым», – деп атап өтті елші Розенблюм.
Жаңа елші тағайындалғанға дейін оның қызметін орынбасары Дебора Робинсон мен Алматыдағы АҚШ бас консулы Мишель Еркин атқарады.