Жаңалықтар

Франция үкіметі сенімсіздік вотумынан кейін отставкаға кетті

Францияның премьер-министрі Мишель Барнье қызметінен кетті / фото: BBC.com

Францияның Ұлттық ассамблеясы премьер-министр Мишель Барнье үкіметіне сенімсіздік білдіріп, оны отставкаға жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл шешімге 331 депутат дауыс берді деп хабарлайды BBC арнасы.

Бұл Франция үкіметінің 1962 жылдан бері сенімсіздік вотумы аясында биліктен кетуінің алғашқы оқиғасы. Сол жылы Жорж Помпиду үкіметі дәл осындай сенімсіздік вотумынан кейін қызметінен кеткен болатын. Ал Мишель Барнье Франция тарихындағы ең қысқа мерзім жұмыс істеген премьер-министр атанды – ол бұл қызметте небәрі 90 күн болды.

Мишель Барнье мен оның кабинеті уақытша міндетін атқарады деп күтіліп отыр. Қазір Франция президенті Эммануэль Макрон жаңа премьер-министр іздеуге кірісті. Шілде айындағы соңғы кезектен тыс сайлау кезінде бұл процесс 50 күнге созылған еді. Алайда Франция Конституциясына сәйкес, жаңа сайлаулар бір жылдың ішінде қайта тағайындалмайды.

Елисей сарайы Макронның бейсенбі, 5 желтоқсан кешінде халыққа үндеу жасайтынын хабарлады. Елдегі саяси жағдай ушығып тұрған кезде, президентке қарсы сындар күшейді. Кейбір азаматтар оның да отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Дегенмен Эммануэль Макрон өз қызметін 2027 жылға дейін жалғастыруға ниетті екенін және «мерзімінің соңғы күніне дейін елге қызмет ететінін» мәлімдеді.