Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің подкаст жобасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, екі сағатқа созылған подкаст форматы қарапайым халық арасында оң бағаланып, сапалы ақпаратқа сұраныстың жоғары екенін көрсетті.
«Бұл – сапалы контентке деген сұраныстың бар екенінің дәлелі. Қуантатын жайт, көрермендер арасында жақсы пікір қалыптасты. Біз бұл жобаны жалғастыра береміз. Келесі шығарылымды 2025 жылдың басында түсіруді жоспарлап отырмыз, ал қонағымыз үкімет мүшелерінің бірі болмақ,» – деп мәлімдеді Әшімбаев.
Қаражат мемлекет есебінен жұмсалмаған
Подкаст түсіру үшін Сенат Төрағасы бюджеттен бірде-бір тиын бөлінбегенін айтты. «Бұл жобаны бастау үшін үлкен шығын қажет болмады. Барлық шығынды өз қалтамыздан өтедік,» – деді ол.
Подкасттың басты мақсаты – әртүрлі сала мамандарын шақырып, олардың тәжірибесі мен кеңестерін қарапайым, түсінікті тілде халыққа жеткізу.
«Біздің міндетіміз – күрделі мәселелерді халыққа ұғынықты форматта жеткізу. Бұл арқылы әр азаматқа пайдалы ақпарат бере аламыз деп сенеміз,» – деп түйіндеді Әшімбаев.
Еске сала кетейік, 21 қараша күні сенат төрағасы Мәулен Әшімбaев Youtube платформасында Taldau Talks подкастын жариялады. Алғашқы шығарылымда ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, белгілі экономистер Алмас Чукин мен Айдархан Құсайынов қатысты.