Мемлекеттік сатып алулар сайтында Шымкент қаласының спорт басқармасы Футбол командаларын дайындау және жергілікті, ұлттық және халықаралық жарыстарға қатысу бойынша қызметтерге 892 960 714 теңге қаражат бөлді. Құжаттағы мерзім бойынша «Ордабасы» футбол клубы бұл қаражатты 31 желтоқсанға дейін игеру керек. Алайда Қазақстанның футболдан біріншілігі аяқталғанын ескеру керек.
Футбол маусымы аяқталды, қаржы қайда жұмсалады?
Қазақстандағы футбол маусымы ресми түрде аяқталды. «Астана» клубынан басқа барлық команданың ойыншылары демалысқа шыққан. 2025 жылғы футбол маусымы наурыз айында басталады. Ал Қазақстандық клубтардың оқу-жаттығу жиындары әдетте қаңтар айының ортасында Түркия немесе басқа шетелдік базаларда өткізіледі.
Әкімнің мәлімдемесі
22 қараша күні Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар орталығында биыл «Ордабасы» клубына бөлінген қаражат ақталмағанын және келер жылға бюджеттің қысқаратыны туралы мәлімдеген еді.
Сыздықбековтің айтуынша, 2024 жылы клуб үшін 5,3 млрд теңге бөлінген. Бұл сома бұрынғы басшылық бекіткен келісімшарттарға, ойыншылардың жалақыларына және ҚПЛ шығындарын өтеуге жұмсалған.
Сонымен қатар әкім 2025 жылы клубқа бөлінетін бюджетті айтарлықтай қысқартуды жоспарлап отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл шешім өңірлер арасындағы қаржылық теңгерімді сақтау мақсатында қабылданбақ.
«Келесі жылы өңірлердің орташа бюджетіне сәйкес қаржыландыруды жоспарлаймыз. Бұл біздің футбол саласын тұрақтандыруға бағытталған маңызды қадам болмақ. Биыл 16 ойыншымен келісімшарт аяқталады, сондықтан жаңа маусымда шығындарды қайта қарастырамыз,» – деді әкім.
Еске сала кетейік, 17 қараша күні Ордабасы футбол клубы тоғыз ойыншысымен қош айтысқаны туралы жазған едік. Олардың ішінде жетеуі легионер.
Сондай-ақ, бұған дейін мемлекеттік бюджеттен шетелдік спортшыларға, яғни легионерлерге қаражат бөлінбейтін тиісті заңдық норманы Үкімет қолдаған еді.